Жеке мәліметтерді жариялаймын деп 25 млн теңге бопсалаған әйел ұсталды

1 506

Фото: BAQ.KZ архиві/Артём ЧурсиновЖетісу облысында жеке мәліметтерді жариялаймын деп қорқытып, 25 млн теңге талап еткен күдікті ұсталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.KZ. сайтына сілтеме жасап.

Тергеу барысында Ескелді ауданының 22 жастағы тұрғыны жәбірленушімен бұрын жеке қарым-қатынаста болғаны анықталды. Қарым-қатынас үзілгеннен кейін күдіктіде заңсыз жолмен пайда табу ниеті туындаған. Мәліметтерге сәйкес, ол қарым-қатынас кезінде алған жеке мәліметтерді пайдаланып, жәбірленушіні бопсалаған. Күдікті мессенджер арқылы оның ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін ақпараттарды жариялаймын деп қорқытып, ақша талап еткен. Қысымның салдарынан жәбірленуші 200 мың теңгені аударуға мәжбүр болған.

Психологиялық қысымды күшейту үшін ол «құпиялылық туралы келісім» ретінде рәсімделген құжат жолдап, үшінші тұлғаның есепшотына 25 миллион теңге аударуды талап еткен. Жәбірленуші мұндай соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтқанына қарамастан, талаптар тоқтамаған, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Аталған факті бойынша бопсалау дерегімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Полиция азаматтарға қысым көрсету, қорқыту немесе шантаж жасау, соның ішінде интернет арқылы жасалатын әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Мұндай жағдайға тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.