Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту өз қолымызда
Қазіргі кезде Қызылорда қаласының аумағы ұлғаюда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыс орталығында өңір халқының жартысына жуығы тұрып жатыр. Жалпы өркениетті елдердің көпшілігінде урбанизациялық процестерге сәйкес, қалада тұратын халық саны ауылды мекендейтін азаматтар санынан жоғары болуда. Сондықтан да бүгінгі күні облыс орталығының тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, қала экологиясын күрделі түрде жақсарту басты мәселелердің бірі.
Қалада көктем айларында жаппай көгалдандыруға үлкен жұмыстар жасалады. Жаз айларында жұмыстар бәсеңсіп, саябырланады. Қазіргі кезде қаланың көптеген көшелерінде арықтар жүйесі жоқ, санаулы көшелерде ғана арықтарда ағып жатқан су бар, қалған көшелерінде оларда ағып жатқан су жоқ. Су болмағаннан кейін ол арықтарға егілген ағаштардың өсуі де екіталай. Қаланың әрбір көшесіне, әрбір үй түбіне аяқ су келтірмей жасыл-желек көбеймейді. Ауа райының жақсаруы да мүмкін емес.
Қызылорда қаласында жаз айларында күннің аптап ыстығынан болмаса жиі соғатын желдің әсерінен қала тұрғындары қиыншылық көруде. Ауа райы жөнінде мәліметтерге сенсек, жазғы аптап Түркістан мен Қызылорда облыстарында қатар болады. Көбіне Қызылорда облысының ыстығы 2-3 градус артық тұрады. Шілденің кезінде ауа температурасы 37-40 градустан жоғары болады. Бұл адам денсауылығына әсер етеді. Шілде айындағы 37-40 градустық аптап ыстықты қалай төмендетуге болады?
Көкорай алқап көлемі өскен сайын жазда ыстық көрсеткіші төмендей береді. Егер қаланың барлық көшелерінде аяқ су ағып жатса, екпе талдар мен көкөніс жайқалып өсіп тұрса қала, елді мекендер төңірегінде ауа ыстықтығы шілдеде 5-7 градусқа төмендейді.
Қазақстанда қыста ең суық, жаздыкүні барынша ыстық аймақ – ол Қызылорда өңірі. Сыр өңірін көгертудің, қайтадан түлетудің негізгі жолы – өңірдің басқаласын жасыл-желек орталығына айналдыру, шөлейт аймақ ортасында көгерген оазис жасау, сөйтіп қаланы адам өміріне қолайлы да тиімді аймаққа айналдыру. Осы биік арманды шындыққа айналдыру үшін әрбір Қызылордалықтың ынта-жігері, осы өңірге және қалаға деген перзенттік түсінік, көзқарасы қажет. Бүгінгі күні осының барлығы өз қолымызда. Сыр өңірінің тұрғындары тұрған жерімізді, сол үйіміз орналасқан қаланы көгалдандырсақ Қызылорда қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға қосқан үлесіміз болар еді.
Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Қала халқын туған жерімізді көгалдандыруға, экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосуға шақырамыз.
Дәурен Шарипбаев,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің
Қызылорда облысы бойынша өкілі