Қазақстанда сотталған адам тәртіп бұзбаса, жазасы қысқаруы мүмкін
«Қылмыстық кодекске» бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқартуды көздейтін жаңа 73-1-бап енгізілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа нормаға сәйкес, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамның бір жыл бойы тәртіптік жазасы болмаса, өтелмеген жаза мерзімі сот шешімімен бір айға қысқартылады. Сондай-ақ сенатор сотталған әйелдердің құқықтарын қорғау бағытында енгізілген түзетулерге тоқталып өтті. «Қылмыстық-атқару кодексінде» орташа және ең жоғары қауіпсіздік мекемелерінде жазасын өтеп жүрген әйелдердің құқықтары жалпы құқықтардан бөлек айқындалып, нақты ажыратылған. Бұл нормалар олардың жағдайын жақсартуды көздейді.
«Түзетулердің ең маңызды бөлігі – кәмелетке толмаған баласы бар сотталған әйелдерге, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы жалғыз тәрбиелеп отырған және ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінде жазасын өтеп жүрген ер адамдарға қатысты.
Заң қабылданғаннан кейін аталған адамдарға жылына екі рет ең төменгі қауіпсіздік мекемесінен тыс жерге қысқа мерзімді шығуға және кәмелетке толмаған балаларымен кездесуге құқық беріледі», – дейді Сенат депутаты.
Оларға балаларымен телефон арқылы сөйлесуге қойылған шектеулер алып тасталады. «Кәсіпкерлік кодекске» енгізілетін түзетулер аясында Бас прокурорға Инвестициялық омбудсменнің құқықтық мәртебесі беріледі. Оған инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі функциялар жүктеледі. Өңірлік деңгейде инвестициялық омбудсменнің өкілі ретінде инвестициялық прокурорлар – облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар қызмет атқарады. Сонымен қатар прокуратура органдарында заңсыз алынған активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару жөніндегі құзырет сақталады. Бұған қоса мәслихаттардың аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін жасырын немесе ашық дауыс беру арқылы сайлау жөніндегі құзыреті нақтыланбақ. Мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері кеңейтіледі.







