Киіктерді тірідей көмген...
233

Бірнеше күн бұрын Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында найзағайдан 300-ден астам ақбөкен қырылып қалғаны хабарланған.
Кейінірек интернетте өлекселерді жоюмен айналысып жатқан сәт бейнеленген видео тарады. Кадрда өлекселер арасында әлі де тірі, бірақ қатты әлсіреген киік көрінеді. Тағы бір мезетте өлексе үйінділерінің астында қысылып, тұра алмай жатқан тірі жануар байқалады.
"Өте аянышты жағдай. Бұл Батыс Қазақстан облысында өлген жануарларды жою кезінде киіктердің кейбірін тірідей көму. Өлген жануарларды жинау мен жоюды Тау ауылдық округі әкімдігі жүзеге асырған. Бұл ақтауға жатпайтын әрекет", – деді министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.
Оның айтуынша, министрлік полиция департаментіне аталған факті бойынша мұқият тергеу жүргізу жөнінде шағым жолдаған.
"Жазықсыз жануарларға қатыгездік танытқандарды жауапқа тарту керек. Мұның шешімі тезірек табылады деп сенемін", – деді ол.
Сондай-ақ, ол алдын-ала ақпарат бойынша ауа райының қолайсыздығынан 372 ақбөкен қырылғанын және қазіргі кезде оқиғаның себеп-салдары анықталып жатқанын атап өтті.