«Қызылорда-Нан» ЖШС кешенінде 3 цех іске қосылған
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында қала әкімі Нұржан Ахатовпен бірге бірқатар маңызды өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Аймақ басшысы алдымен «Қызылорда-Нан» ЖШС-ның нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешеніне барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жоғары технологиямен жабдықталған кәсіпорын
Кешен екі кезеңнен тұрады және өндірістік процесс толық автоматтандырылған. Қазіргі таңда кәсіпорында үш өндірістік цех жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта төрт түрлі өнім шығаратын печенье цехының іске қосылуы жоспарлануда. Өндірілген өнімнің 30 пайызы кәсіпорынның жеке сауда желісі арқылы сатылады, ал 70 пайызы Қызылорда қаласы мен жақын маңдағы елді мекендерге таратылады.
Жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, 5 гектар жер телімі бөлініп, су және кәріз инфрақұрылымы тартылған. Сонымен қатар, кәсіпорын «Қазақстан Халық банкінен» 1,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, оның пайыздық мөлшерлемесі мемлекет есебінен субсидиялануда.
Кешеннің екінші кезеңінде ұн комбинатын салу көзделуде. Қазіргі уақытта кәсіпорында 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, болашақта бұл көрсеткіш 150-ге дейін артады деп күтілуде.
Қуатты әрі заманауи жылу-электр орталығы салынып жатыр
Сапар барысында облыс әкімі «Aksa Energy» түрік компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жаңа жылу-электр орталығының құрылыс алаңына барды. Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған жоба өңірдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Қуаттылығы 240 мегаватт болатын орталықта:
180 МВт-тық 2 газ турбиналық қондырғы (General Electric, АҚШ);
95 МВт-тық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия);
сағатына 120 тонна бу өндіретін 2 бу қазандығы (AC BOILERS, Италия);
сағатына 150 Гкал жылу өндіретін 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) орнатылады.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Бюджет қаражаты есебінен автоматтандырылған газ тарату станциясы мен 45 шақырымдық газ құбыры жүргізілді. 2025 жылы бірінші кезең аясында бір газ турбинасы мен екі жылу қазандығы іске қосылмақ. Ал жобаның толықтай іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған.
Аймақ экономикасын әртараптандыруға серпін
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев екі нысанды аралау барысында инвестициялық жобалардың өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосатын үлесі зор екенін атап өтті. Сонымен бірге, өндіріс қауіпсіздігі мен сапалы жұмыс орындарын құру – басты назарда болуы тиіс екенін ескертті.
Жобалар толық іске асқанда Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті едәуір артып, тұрғындарды үздіксіз энергиямен, сапалы өніммен қамтамасыз ету мәселелері шешімін табады.