БАЛАНЫ 520 ТЕҢГЕГЕ ТОЙДЫРУ МҮМКІН БЕ?
Елімізде бастауыш сынып оқушылары мектепте тегін тамақтана алады, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Елімізде 7723 мектеп болса, оның ішінде 2449 қалада, 5274 мектеп ауылда орналасқан. Жалпы алғанда 3,5 млн оқушы биыл мектеп қабырғасында білім алуда екен. Осы орайда мемлекет тарапынан мектеп оқушылары үшін қолға алынған тиімді бағдарламалар жүзеге асуда. Солардың бірі оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамту. Жалпы алғанда мектеп оқушылар тамақ алу үшін ақшасын қолма-қол төлемейді. Нақтырақ айтқанда бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балалары тегін тамақтанады. Ендігі мәселе тегін тамақтың сапасында болып отыр.
"Жаманнан жарты қасық ас қалар". Десе де ата-аналар мектептегі тамақтың 60-70 пайызының тіпті мал екеш мал жемейтіндей дәмсіз деп шулап жатады. Бәріне бірдей топырақ шашпасақ та, дауға ұласқан оқиғалар көп. Неге? Тағамның сапалы пісірілуін кім қадағалайды? Қабылданған қаулыға сай мектептегі ас мәзірі қандай болу керек?
Оқушыларға бір реттік тамақтану нормасы бекітілген.
“Тамақ азырақ, бірақ дәмді болса жақсы болар еді. Үйде балам езілген картопты сүйсіне жейді. Ал мектепке түскі ас салып береміз, өйткені асхананың тамағы дәмсіз”, “Менің қызым тамақтың иісі де жағымсыз екенін айтады. Күріші мен котлеті дәмсіз, ал сорпасы тек су. Компотын ішіп, үйден алып барған бутербродын жейді”, “Мұндай тамақты бала емес, ересектер де жей алмайды”, “Тамақтың обалын ойласаңдаршы. Сонша ысыраптың не керегі бар? Балаларға жағдай жасау керек, бірақ мұндай жолмен емес”, “Дәл осылай басқа мектептерде де тамақ дәмсіз”, – деп жазды желі қолданушылары.
"Мектепте төрт балам оқиды. Үлкен қызым да, ұлым да асхана тағамдарының дәмді екенін айтады. Биыл кіші қызым 1-сыныпқа барды берілетін тамақтың сапасы жақсы шығар. Себебі тамағымды тауысып келдім деп айтады.", – дейді Жанар Жолдасбекқызы.
Бүгінде мектепте берілетін тегін тамақты оқушылардың басым бөлігі жемейді екен. Ал үлкен сыныптың оқушылары аз қамтылған отбасы балалары болғандықтан тіпті жеуге ұялады. Сондықтан кішкене болсада тамақтың орнына самса, бәліш секілді азықпен қамтамасыз етсе дейді аналар.
«Менің ұлым 8-сынып оқиды. Атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Қыздардан қымсынады -ау ыстық тамақты жемей келеді. Ол да біреудің қалтасына кетіп жатыр ғой. Сондықтан ыстық тамақтың орнына басқа ыстық бәліш, тоқаш секілді пісірілетін тағамдармен алмастырылса деймін.»,- деді Ғалия Егембердиева.
Ал, Қызылорда облысы бойынша бала басына ыстық тамақ үшін күніне – 520 теңге болып бекітілген.
"Мектепте 6 және 4-сыныпта екі балам оқиды. Балалар үйге тамақтың дәмсіз екенін айтып келеді, кейде тұзы да болмайды екен. Қызым мектептің тегін тағамын мүлде жемейді. Тамақ желінбеген соң бюджет қаржысына дайындалған асты төгіп тастайды. Оқушылар тек тіскебасар ретінде берілетін йогурт немесе алманы ғана жейді.", – деп мәлімдеді Аида Матеева.
Айта кету керек бүгінде мектеп асханасын жалға алып отырған мердігер мекемелер ережеге сай конкурстан өтетіндігі тағы бар.