СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өңірдегі сұйытылған газ бағасын тұрақтандыру және халықты үздіксіз көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған арнайы мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары, жауапты басқарма басшылары, құқық қорғау және бақылаушы органдардың өкілдері, сондай-ақ газ саласына жауапты мекеме жетекшілері қатысты.
Күн тәртібінде аймақтағы сұйытылған газ бағасының өзгеруі, газ қорын тұрақты бақылау, тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар өніммен үздіксіз қамтамасыз ету және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев газ саласы бүгінде Үкіметтің ерекше бақылауындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сұйытылған газ – тұрғындардың күнделікті тұрмысында кеңінен қолданылатын әлеуметтік маңызы жоғары өнім. Сондықтан халыққа қолжетімді әрі тұрақты бағамен ұсыну – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі.![]()
– Өздеріңіз білетіндей, газ мәселесі – ел көлемінде өзекті болып отырған аса маңызды салалардың бірі. Әсіресе сұйытылған газ бағасының тұрақтылығы халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Біз тұрғындарды тиімді бағамен және үздіксіз қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Мәжілісте айтылғандай, қазіргі таңда облыс аумағында 144 автогаз құю станциясы мен 6 газ сақтау қоймасы жұмыс істейді. Сұйытылған газды өңір тұрғындарына 15 оператор жеткізуде. Алайда осы жылдың 23 сәуірінде «Қызылорда Газ» мекемесі алғашқылардың бірі болып газ бағасын көтерген. Кейіннен басқа да операторлар кезең-кезеңімен бағаны өсіре бастаған.![]()
Облыс әкімдігі тарапынан жүргізілген жедел жұмыстардың нәтижесінде бірқатар операторлар бағаны бұрынғы деңгейге қайта төмендеткен. Соған қарамастан, «Қызылорда Газ», «Авто Газ Стэйшн» және «Каз Авто Газ Сервис» компаниялары газ бағасын 5 теңгеге жоғары деңгейде ұстап отырғаны айтылды.
Осы мәселеге байланысты облыс әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
– Газ бағасын бұрынғы деңгейге шұғыл түрде қайтаруды тапсырамын. Халыққа газ шектеусіз сатылуы қажет. Сонымен қатар сұйытылған газды басқа өңірлерге рұқсатсыз тасымалдауға жол берілмесін. Қажет болған жағдайда басқа көздерден коммерциялық газ жеткізіп, оны әлеуметтік бағамен ұсыныңыздар. Барлық тапсырмалар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысы сондай-ақ қала және аудан әкімдіктеріне газ қорына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, өңірде газ тапшылығына жол бермеу үшін әрбір оператордың қор көлемі, күнделікті сатылымы мен баға саясаты жіті бақылауда болуы қажет.
Жауапты мекемелерге газ бағасының негізсіз өсу себептерін зерделеу, нарықтағы ахуалды тұрақтандыру және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді. Сонымен қатар құқық қорғау және бақылаушы органдарға заңсыз тасымал мен алыпсатарлық фактілерінің алдын алу бойынша бақылауды күшейту тапсырылды.
Жиында сұйытылған газ нарығындағы тұрақтылықты сақтау – тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар мәселе екені ерекше атап өтілді. Себебі өңір тұрғындарының басым бөлігі автокөліктерінде газ отынын пайдаланады. Сондықтан бағаның күрт өсуі халықтың күнделікті шығынына тікелей әсер етеді.
Сала мамандарының мәліметінше, облыстағы газға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Әсіресе көлік құралдарын газ отынына көшіру көлемінің ұлғаюы сұйытылған газ тұтыну деңгейіне әсер етуде. Осыған байланысты өңірде газ сақтау және тарату жүйесін жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы инфрақұрылымдық жобалар алдағы уақытта газ жеткізу тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жиында сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін кәсіпкерлер мен операторлардың жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екені айтылды. Бағаны негізсіз көтеру немесе қолдан тапшылық қалыптастыру тұрғындардың наразылығын туындатуы мүмкін екені ескертілді. Осыған байланысты облыс әкімдігі мен жауапты органдар нарықтағы жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстайтын болады.
Мұрат Ергешбаев қазіргі жағдайда мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасында өзара түсіністік пен жауапкершілік болуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықтың мүддесіне қайшы келетін кез келген әрекетке жол берілмейді.
– Біз үшін ең бастысы – халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасы. Сондықтан газ бағасының тұрақтылығы қатаң бақылауда болады. Әрбір тұрғын көгілдір отынды қолжетімді бағамен пайдалана алуы керек. Бұл – ортақ міндет, – деді облыс әкімі.
Жиын барысында жауапты сала жетекшілері өңірдегі қазіргі ахуал бойынша баяндама жасап, газ қорын толықтыру және бағаны тұрақтандыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Сонымен қатар алдағы кезеңде туындауы мүмкін тәуекелдер сараланып, оларды болдырмау бойынша нақты іс-шаралар белгіленді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып, газ сақтау және тарату жүйесінің қуаты артуда. Бұл өз кезегінде аймақтағы энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі барлық жауапты мекемелер мен операторларға халық мүддесін бірінші орынға қою қажеттігін ескертіп, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын айтты.
– Халықтың алаңдауына негіз болмауы тиіс. Біз газ бағасын тұрақтандыру және тұрғындарды үздіксіз қамтамасыз ету бағытында барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында берілген тапсырмалардың орындалуы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.







