ҚЫЗЫЛОРДАДА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2024–2025 оқу жылының қорытындылары, білім алушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.
Үкіметтің селекторлық режимде өткен отырысына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. Жиында еліміздегі білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы, оқу жылының нәтижелері, мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау, Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру, жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындығы және балалардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігі сөз болды. Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақ басшысы ең алдымен мектеп бітіруші түлектердің қауіпсіздігі мен жазғы демалыстың сапалы ұйымдастырылуына баса назар аударды.![]()
Биылғы оқу жылын Қызылорда облысындағы 320 мектепте 189 288 оқушы аяқтады. Оның ішінде 10 мыңнан астам жас түлек мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алды. Бұл – өңірдің білім саласындағы маңызды көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар биыл облыс бойынша 987 оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанса, 1141 оқушы «Үздік аттестат» алуға ниет білдіріп отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді. Аймақтағы мектеп бітірушілер алдағы маңызды сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуге де қызу дайындалуда. 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтетін ҰБТ-ның негізгі кезеңіне Қызылорда облысынан 9 250 оқушы қатысады деп жоспарланған. Арнайы жиында облыс әкімі оқу жылының аяқталуына арналған іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Күні кеше облыстағы барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шаралар өз деңгейінде өтті. Енді алда аттестат табыстау рәсімі бар. Ең басты мәселе – жас түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан білім басқармасына полиция департаментімен және құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, аттестат табыстау шаралары кезінде және жазғы каникул кезеңінде кезекшілік пен рейд жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысы жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық жауапты органдардың басты міндеті екенін атап өтті. Осыған байланысты құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті күшейту және түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жиында жазғы тынығу лагерьлерінің дайындығы да кеңінен талқыланды. Биыл өңірдегі жазғы лагерьлер 1 маусымнан бастап өз жұмысын бастайды. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына лагерьлердің материалдық-техникалық жағдайын қайта зерделеп, анықталған кемшіліктерді 30 мамырға дейін толық ретке келтіруді тапсырды.
– Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз әрі мазмұнды болуы тиіс. Лагерьлер санитарлық талаптарға толық сәйкес келуі қажет. Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарау керек, – деді облыс әкімі.
Мұрат Ергешбаев соңғы жылдары өңірде балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамыту мақсатында бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілгенін атап өтті. Жақында Президент паркінің аумағында жыл бойы жұмыс істейтін 300 орындық «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Облыс әкімі бұл орталықта балаларға арналған азаматтық-патриоттық, рухани-мәдени және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуі қажет екенін айтты.![]()
– Жаңа оқу-сауықтыру орталығы тек демалыс орны ғана емес, балалардың рухани және патриоттық тәрбиесіне үлес қосатын маңызды орталық болуы керек. Мұнда жыл бойы түрлі танымдық, мәдени және тәрбиелік шаралар ұйымдастырылуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар өңірде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен салынған бірқатар жаңа нысандардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі көтерілді. Облыс әкімі «Сыр жұлдыздары» шығармашылық академиясы, «Құзыреттілік орталығы», «Оқушылар сарайы», «Теннис орталығы» және облыстық тарихи-өлкетану музейі сияқты нысандар балалар мен жастардың игілігіне үздіксіз қызмет етуі қажет екенін айтты.
– Президентіміздің және Үкіметтің қолдауымен салынған барлық жаңа нысандар жыл бойы балаларымыздың дамуына, білім алуына және шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге жұмыс істеуі тиіс. Бұл – біздің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмады. Облыс әкімі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын өңірде жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты. Әсіресе стихиялық қоқыс орындарын жою, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау және абаттандыру жұмыстарын күшейту мәселесіне басымдық берілді. Қала және аудан әкімдіктеріне тазалық жұмыстарының тұрақты жүргізілуін бақылау тапсырылды. Сонымен қатар су тапшылығының алдын алу мәселесі де көтерілді. Аймақ басшысы жауапты мекемелерге су үнемдеу технологияларын тиімді енгізу және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Су тапшылығы мәселесі бүгінде өте өзекті. Сондықтан су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалану және халық арасында су мәдениетін қалыптастыру маңызды, – деді облыс әкімі.
Арнайы жиында республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы, әуежай, теміржол вокзалдары мен автовокзалдардың жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуі және санитарлық тазалығы мәселелері де талқыланды. Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне көлік инфрақұрылымы нысандарындағы қызмет сапасын арттыруды, тазалық пен қоғамдық тәртіпті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
– Әуежайлар, теміржол вокзалдары мен автовокзалдар – өңірдің келбетін көрсететін маңызды нысандар. Сондықтан ондағы қызмет көрсету сапасы мен тазалық талаптары жоғары деңгейде болуы керек, – деді Мұрат Ергешбаев.
Жиын қорытындысында облыс әкімі барлық жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім беру, жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру және өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мәселелері алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.







