АЙМАҚ БАСШЫСЫ АРИЗОНА ГЕНОМИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ РОД ВИНГПЕН КЕЗДЕСТІ
АЙМАҚ БАСШЫСЫ АРИЗОНА ГЕНОМИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ РОД ВИНГПЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Аризона (АҚШ) геномика институтының директоры, әлемге танымал ғалым, профессор Род Вингпен кездесті. Маңызды ғылыми басқосу агроөнеркәсіп кешенін дамыту, күріш шаруашылығына заманауи геномдық технологияларды енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналды.
Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исакаев және салалық ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты. Тараптар ауыл шаруашылығын цифрландыру, генетикалық селекцияны дамыту және климаттық өзгерістер жағдайында өнімділікті арттыру жолдарын талқылады.
Жиында облыс әкімі Қызылорда өңірінің аграрлық әлеуетіне тоқталып, күріш шаруашылығының аймақ экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтті.
– Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы құрылымдарын жоғары репродукциялы күріш тұқымымен қамтамасыз ететін 5 аттестатталған тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Алайда өңірде егілетін күріш дақылының тек 2,7 пайызы ғана отандық сорттарға тиесілі, ал қалған 97,3 пайызы – шетелдік сорттар. Сондықтан біз үшін отандық селекцияны
дамыту және ғылыми негізделген жаңа технологияларды енгізу аса маңызды, – деді Мұрат Ергешбаев.
Аймақ басшысы күріш селекциясын жетілдіру бағытында Ресей, Қытай, Иран, Өзбекстан, Вьетнам және Түркия елдерінен әкелінген сорттармен тәжірибелік сынақтар жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Бұл жұмыстар жергілікті климатқа бейімделген, су тапшылығына төзімді жаңа сорттарды шығаруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген «Сыр сұлуы» және «Айсара» сорттары мемлекеттік сорт сынағынан өтіп жатқаны айтылды. Бұл сорттар өнімділігімен және жергілікті топыраққа бейімділігімен ерекшеленеді.
Кездесуде ерекше назар аударылған тақырыптардың бірі – климаттық өзгерістер жағдайында ауыл шаруашылығын бейімдеу болды. Соңғы жылдары Сыр өңірінде су тапшылығы мәселесі өзекті болып отырғаны белгілі. Осыған байланысты құрғақшылыққа төзімді, вегетациялық мерзімі қысқа дақылдарды енгізу және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану қажеттігі айтылды.
Облыс әкімі бұл бағытта мемлекет тарапынан тұрақты қолдау бар екенін, тұқым шаруашылығын дамытуға жыл сайын субсидия бөлінетінін жеткізді.
– Бүгінде басты міндет – ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру. Геномика мен биотехнология саласындағы жетістіктерді енгізу арқылы біз өнімділікті арттырып қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалануға да қол жеткіземіз. Бұл – өңірдің болашағы үшін аса маңызды бағыт, – деді аймақ басшысы.
Профессор Род Винг өз кезегінде Қазақстанмен, оның ішінде Қызылорда өңірімен ғылыми әріптестікті дамытуға үлкен қызығушылық бар екенін жеткізді. Ол соңғы жылдары Kozybayev University базасында құрылған Агрокомпетенция орталығымен бірлескен жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Ғалымның айтуынша, геномдық технологиялар күріштің өнімділігін арттырумен қатар, оның тұзға төзімділігін күшейтуге және су тапшылығы жағдайында тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе Арал маңы сияқты экологиялық тұрғыдан күрделі аймақтар үшін өте өзекті.
Қазіргі таңда тараптар Қызылорда облысында күріш шаруашылығына геномдық технологияларды енгізу бойынша нақты ғылыми бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл бағдарлама аясында жергілікті ғалымдар мен шетелдік зерттеу орталықтары бірлесіп жұмыс істемек.
Кездесу барысында қатысушылар ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялау, спутниктік мониторинг,
агродеректерді талдау және жасанды интеллект негізінде егіншілік жүргізу мәселелерін де талқылады. Бұл технологиялар алдағы жылдары аграрлық сектордың тиімділігін айтарлықтай арттыруы мүмкін.
Жұмыс сапары аясында профессор Род Винг Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне барып, оқу орнының ғылыми-зерттеу зертханаларымен және аграрлық бағыттағы инновациялық жобаларымен танысады. Университет ғалымдары мен студенттері үшін бұл кездесу халықаралық тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналмақ.
Сонымен қатар ғалым «Абзал и К» ЖШС күріш өңдеу зауытының өндірістік процесімен танысып, өңірдегі агроөнеркәсіптік тізбектің толық циклін зерделемек. Бұдан бөлек, Нағи Ілиясов ауылындағы шаруашылық құрылымдары мен «Мағжан и К» серіктестігінің егіс алқаптарына барып, жергілікті агротехнологиялармен танысады.
Айта кету керек, Қызылорда облысында жалпы 270 мың гектар суармалы жер бар. Оның шамамен 179 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген, алты ірі массивте орналасқан ауыспалы егіс алқаптарын құрайды. Бұл – өңірдің аграрлық әлеуетінің негізі.
Жыл сайын вегетациялық кезеңге 3,2–3,6 миллиард текше метр суармалы су лимиті бекітіледі. Осы көлемге сәйкес өңірде шамамен 185–190 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі.
Сыр өңірінің негізгі дақылы саналатын күріш жыл сайын орта есеппен 85–90 мың гектар алқапқа себіліп келген. Алайда су тапшылығының артуына байланысты алдағы жылдары бұл көлемді кезең-кезеңімен 70 мың гектарға дейін оңтайландыру жоспарлануда. Бұл шара су ресурстарын үнемдеу және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жүзеге асырылмақ.
Соған қарамастан Қызылорда облысы республикадағы күріш өндірісінің негізгі орталығы болып қала береді. Елдегі жалпы күріш өнімінің шамамен 90 пайызы осы өңірде өндіріледі, ал оның 35–40 пайызы экспортқа шығарылады. Бұл көрсеткіш өңірдің аграрлық қауіпсіздік пен азық-түлік нарығындағы стратегиялық рөлін айқындайды.
Кездесу соңында тараптар ғылыми ынтымақтастықты тереңдету, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру және жас ғалымдарды халықаралық деңгейде даярлау жөнінде уағдаласты. Қатысушылар бұл бастамалар Қызылорда облысының аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Қызылорда облысы ғылым мен өндірісті ұштастыру арқылы ауыл шаруашылығын жаңғырту бағытын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Геномика саласындағы халықаралық әріптестік осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.







