Интернет мәселесі 2027 жылға дейін шешілмек
Қазақстанда мобильді интернеттің жылдамдығы артып, байланыс инфрақұрылымы жаңарып жатқанымен, елдегі жүздеген ауыл әлі күнге дейін сапалы интернетке қол жеткізе алмай отыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстанда мобильді байланыс саласы айтарлықтай дамыған. Қазір елдегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 94,54 Мбит/с-қа жеткен. Ведомство мұны байланыс жүйесін жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізудің нәтижесі деп түсіндіреді.Ауылдарда 3G азайып, 4G көбейген.
Министрлік әсіресе ауылдық аймақтардағы интернет сапасын жақсарту жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Ресми дерек бойынша, 2023 жылы 3G желісі ғана жұмыс істеген ауылдар саны 2937 болған. Ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 550 ауылға дейін қысқарған. 4G (LTE) желісі енгізілген елді мекендер саны 1883-тен 4497-ге дейін өскен. Бұл ауыл тұрғындарына жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдалануға мүмкіндік берген.Қазақстанда 5G желісі де кеңейіп жатыр. Министрлік жауабында бесінші буын байланыс желісі – 5G технологиясы да қарқынды дамып жатқанын хабарлады.
Қазір республика бойынша 20-дан астам қалада 3327 базалық станция жұмыс істейді. 5G желісі әсіресе Алматы, Астана секілді ірі қалаларда, сондай-ақ Алатау мен Қорғас сияқты стратегиялық маңызы бар аймақтарда енгізіліп жатыр. Елдегі 659 ауыл әлі байланыссыз отыр.Соған қарамастан Қазақстандағы барлық елді мекен интернетпен толық қамтылмаған.Министрліктің дерегіне сәйкес, елдегі 6215 ауылдың 659-ында әлі күнге дейін байланыс мәселесі сақталып отыр.Осыған байланысты мемлекет «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Жоба аясында 2027 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарланған.Бұл мақсатқа телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін шамамен 414 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Байланыс операторларына қатаң талап қойылады.
Ведомство байланыс операторларына бақылау күшейтілгенін де атап өтті. Министрлік лицензиялық міндеттемелерін орындамаған компанияларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабына сәйкес шара қолданылатынын мәлімдеді. Тіпті радиожиілік спектрін пайдалану құқығынан айыру мүмкіндігі де қарастырылған.Таулы ауылдарға интернет спутник арқылы тартылады. Министрлік Қазақстан аумағының үлкендігі мен халықтың сирек орналасуы интернет жүргізуді қиындататынын айтады. Таулы ауылдарда, жайылымдарда және шалғай өндіріс орындарында байланыс мәселесі өзекті болып отыр. Кейбір ауылдарға жерүсті кабельдерін тарту техникалық және экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан, мұндай аймақтарға спутниктік интернет қолданылып жатыр. Ведомствоның мәліметінше, спутниктік байланыс – талшықты-оптикалық желі мен ұялы байланыс сигналы жетпейтін жерлерді интернетпен қамтамасыз етудің ең тиімді жолдарының бірі. Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан 3G-дан бас тартып, 5G-ға ауысатынын хабарлаған болатынбыз.







