ОБЛЫС ӘКІМІ СЫЧУАНЬ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Сычуань провинциясының губернаторы Ши Сяолиньмен кездесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Басқосуға жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау мәселелері талқыланды.
Сычуань – табиғи газ өндірісімен, ауыл және орман шаруашылығымен айналысатын, электр энергиясын экспорттайтын Қытайдағы ірі аймақтардың бірі.
Аймақтағы 15 мұнай өндіруші компанияның 8-і қытай кәсіпорны. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде ірі индустриялық жобалар іске асырылуда.
«Чайна Гежуба» компаниясымен бірлескен цемент зауытында жылына 1 млн. тонна цемент өндіріледі. «Чайна Гласс» компаниясының қатысуымен ашылған шыны зауытының қуаттылығы – жылына 197 мың тонна табақша шыны. Зауыт өнімінің 30%-ы ішкі нарыққа жіберіліп, 70%-ы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталады. Бүгінде шыны кластерін құру бойынша жаңа ілеспе жобаларды іске қосу бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.