Қызылордада автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, екі адам қаза тапты
Қызылорда қаласына қарасты "Шымкент-Самара" тасжолында автобус пен жеңіл автокөлік соқтығысып, екі адам мерт болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оқиға бүгін, 14 шілде сағат 7.00 шамасында Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат ауылы аумағында болған.
«Шымкент-Самара» тасжолы бойында автобус пен жеңіл автокөлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты.
Автобустың бір жолаушысы медициналық мекемеде көз жұмды. Автобус жүргізушісі және 3 жолаушысы дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
«Оның біреуіне алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.