Еңбек заңнамасын бұзғандарға 9,5 млн теңге айыппұл салынған
Өткен жылы Қызылорда облысының мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру нәтижесінде 348 заңбұзушылықты анықтаған. Бұл туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мәлімдеді,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
235 нұсқама берілсе, соның 212-сі немесе 90,2%-ы орындалған.
Еңбек заңнамасы талаптарын бұзғандарға қатысты 49 әкімшілік іс қозғалып, 2 ескерту берілді. 9,5 млн теңге айыппұл салынды. Оның 8,6 млн теңгесі бюджетке түсті, қалған бөлігі мерзіміне сәйкес өндіріліп жатыр, - деді департамент басшысы Бектемір Жұмағұлов.
Былтыр 517 жұмысшының бұзылған еңбек құқығы қалпына келтірілген. Жұмыс орнындағы 68 жазатайым оқиға тергеліп-тексеріліп, оның 39-ы еңбек қызметімен байланысты деп танылған.
Зардап шеккендер саны 57 болды, бұл 2024 жылғыдан 14%-ға көп. Есепті мерзімде мемлекеттік еңбек инспекторларының қарауына жеке және заңды тұлғалардан 2124 өтініш түсіп, заңдылықтарға сәйкес қаралды. Оның 551-і (25,9%) қанағаттандырылған, 473-і (22,2%) қарау реттілігімен басқа органға жолданса, 1100 (51,7%) өтінішке заңнама талаптарына сәйкес жауаптар берілген, - деді департамент басшысы.







