Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері – басты назарда

1 475

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіБүгін ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, республикалық бюджеттің атқарылу барысы және бірқатар Үкімет қаулылары қаралды. Жиынға селекторлық режим арқылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Үкімет отырысынан – өңірлік нақты тапсырмаларға

Үкімет отырысынан кейін облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен өңірлік мәжіліс өткізіліп, онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жергілікті деңгейде қамтамасыз етуге қатысты нақты міндеттер белгіленді. Аймақ басшысы сала жетекшілеріне және қала, аудан әкімдеріне бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.

«Бюджетті толық әрі уақытылы игеруіміз, өңірімізге қатысты нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз етуіміз керек. Жұмыс тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатынын қатаң ескертемін», – деді облыс әкімі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына бақылау күшейеді

Кеңесте қазіргі өзекті мәселелердің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жайы кеңінен талқыланды. Облыс әкімі бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу – барлық деңгейдегі әкімдердің тікелей жауапкершілігінде екенін атап өтті.

«Бағаны күнделікті қатаң бақылауда ұстаңыздар. Өнімдерді тиімді өткізу үшін әлеуметтік дүкендердің қызметін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар беріңіздер», – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік тұрақтандыру қорына төмен бағамен өнім сатып алып жатыр. Қала мен аудан әкімдіктері сатып алынған өнімді белгіленген кестеге сай халыққа жеткізуді ұйымдастырып, белгіленген шекті бағамен сатылуын қамтамасыз етуі тиіс.

Қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздік – басты басымдық

Облыс әкімі алдағы күндері өтетін қоғамдық-саяси маңызды шараларға дайындық барысына да ерекше тоқталды. Қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі екені айтылды.

«Қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын ерекше бақылауда ұстау қажет. Адам көп шоғырланатын орындарда кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын күшейтіңіздер», – деп тапсырма берді Нұрлыбек Нәлібаев.

Инфрақұрылым жұмысы – үздіксіз әрі сапалы болуы тиіс

Мәжілісте жылыту маусымының өту барысы мен коммуналдық қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселесі де қаралды. Аймақ басшысы жауапты мекемелерге газ, су, электр желілері жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлерге жылу толық әрі үздіксіз берілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жыл соңына дейінгі қысқа мерзімді кезең – жоспарлы жұмыстарды нақты нәтижемен аяқтап, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді орындау үшін шешуші сәт. Облыс басшысы әрбір салалық басқарма мен аудан әкімдіктеріне көрсеткіштерді жақсарту бойынша нақты жауапкершілік жүктеп, жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізуді талап етті.

Жиында берілген тапсырмалар – халықтың әл-ауқатын жақсартуға, тұрақты әлеуметтік даму мен экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдардың бастауы.