Көктем мезгілі басталысымен далалық аймақтарда өрт қаупі күшейетіні рас. Осыған орай, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары далалық аймақтарда барынша сақтық ережелерін сақтауды ескертеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағындағы 33 гектар жерді құрайтын далалық аймақта 9 өрт оқиғасы тіркелген. Алайда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға төмен. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков хабарлады.
"Жыл басталғалы бері облыс бойынша 118 өрт оқиғасы тіркелді. Осыған сәйкес, қазіргі таңда өрт оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілген бағытта жүргізілуде. Сонымен қатар, өрт қаупі кезеңінде жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы және полиция департаментінің қызметкерлерімен бірге қала және барлық аудандарда 23 рейдтік шара ұйымдастырылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 28 өрт сөндіру бекеті бар. Бұл бекеттер 101 мыңнан астам тұрғыны бар 89 елді мекенді өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етуде. Өрт сөндіру бекетін көбейту мақсатында «2021-2025 жылдарға мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңімен өрт бекеттерін құру» жоспарына сәйкес биыл Сырдария ауданында 2 өрт сөндіру бекетін салу жоспарлануда", – деді Асхат Оразбеков.