Жалағашта техника тапшылығынан жол сапасыз салынуда

129

Жалағаш ауданында сапасыз жолдар салынуда, -  деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 


Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданында төселіп жатқан жолдардың сапасыздығы жайында Әділдік жолы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалының директоры Ләззат Бақтыбаева өзінің әлеуметтік желідегі Facebook  парақшасында жариялады.


«Транс – Сервис» ЖШС мен 11 сәуір 2023 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы «Ақсу» 0-2,33 шақырымына елді мекеніне кіре беріс «Қызылорда-Жалағаш-Самара-Шымкент-Ақсу» KND-1 аудандық маңызы бар автомобиль жолы орташа жөндеуге 71 120 560 теңгеге шартын жасасқан. Шарт мерзімі 2 ай! Демек жұмыстар 6 күнде бітуі тиіс! Бірақ, 1 арбамен жол төсеген мердігер жұмысының сапасы жауаптыларды қызықтырмаса қажет, әсіресе Аскарбек Есжановты. Мерзімі келгенімен, жол әлі жоқ!»,- деген жазба қалдырған болатын. 



Бейне жазба авторы  каток көлігін пайдаланудың орнына қолмен бөшке домалатқан жұмысшыларды жол салудағы қоспа битум емес  басқа сынама қосып жатыр дейді.


Жасыратыны жоқ облысымызда автокөлік жолдарының сапасы сын көтермейді. Т ұрғындар үшін жол мәселесі әрдайым өзекті. Бүгінге дейін жол азабын тартып отырған ауылдар бар. Дегенмен, қыруар қаржы бөлінген жолдардың сапасы сын көтере ме деген сауал тұр. Аудандық маңызы бар жолдардың салыну барысында техника көмегіне емес қара күшке жүгінген мердігер мекеме бүгінгі күнге дейін екі мәрте ескерту алды дейді аудан әкімдігі.


«Бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан толық жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Қаражатта толық аударылмаған себебі жол құрылысының 28%-ы ғана орындалған. Мердігерге жұмыс уақытын ұзартқаны үшін 2-рет ескерту  берілді. Уақытында бітпесе сотқа жолдануы мүмкін. Әлі қабылданбаған», - дейді Жалағаш аудан әкімдігінің өкілі.


Көлік жолдарының тегіс, сапалы болуы – басты мәселе. Бұлай болмаған жағдайда халықтың ақшасы босқа шашылды деген сөз.  Алайда бұл мәселеде біржақты пікір айту жөн болмас. Өйткені бұл тұста кінәлі жалғыз емес. Сондықтан сапасыз жол салған мекеме бастығына да, жергілікті, тиісті билік өкілі  бақылау жасай білу керек секілді.