ЖАЛАҒАШ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

1 509
Ағымдағы жылдың  20 мамырында Жалағаш аудандық мәслихатының кезекті 43-сессия отырысы өтті. Сессия отырысына аудандық мәслихат депутаттарымен қатар, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі- С.Қармыс, аудан әкімінің орынбасарлары Ә.Байнахатов, Ғ.Рахатов,   кент, ауыл округі әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты. 
Аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусіновтің төрағалығымен өткізілген сессия отырысында келесі  мәселелер  қаралды:
1. 2025 жылға арналған аудандық бюджеттің және кент, ауылдық округ бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіту туралы.
2. Жалағаш  ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы.
3. «2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №37-2 шешіміне  өзгерістер  енгізу  туралы.
Сессия отырысының алдында болған мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында аудандық бюджеттің атқарылуы туралы, 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарының Жалағаш ауданы бойынша 2025 жылы іске асырылуы туралы аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов баяндама жасады.  Аудан  бюджетінің  2025 жылға  бекітілген  жалпы  бюджет түсімдері   9036,9 млн. теңге, нақтыланғаны 9 094,3 млн. теңге,  түзетілгені 9094,3 млн. теңге, орындалғаны 9312,9  млг. теңге  немесе 102,4%  құраған.   Оның ішінде, бекітілген аудандық бюджеттің өз кірістері  2061,2  млн. теңге, нақтыланғаны 1871,4 млн. теңге, түзетілгені 1871,4 млн. теңге, орындалғаны 2233,1  млн.  теңге немесе 119,3%. Жыл ішінде аудан бюджеті аудандық мәслихат сессиясының шешімдерімен 5 мәрте нақтыланып, 11 мәрте түзету енгізілген.  Салық түсімдерінің түзетілген жоспары 1809,7 млн.теңге, орындалғаны 2163,3 млн. теңге, 353,6 мың теңгеге артығымен орындалған. Салықтық емес түсімдердің    түзетілген болжамы  60,9 млн. теңгеге немесе 113,4 пайызға орындалып, 8,1 млн. теңге артық түскен. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсім болжамы 787,6 мың теңгеге түзетіліп, нақтыланған. 788,4 мың теңгеге орындалып,  0,8 мың теңге артық түскен. 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарының №1-қосымшасымен 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарының аудандар  бөлінісіндегі нысаналы индикаторлары бекітілген.  Жалағаш ауданы бойынша 2025 жылға жоспарлы нысаналы индикаторлар саны – 9. Оның ішінде– 5 индикатор орындалса, 1 индикатор орындалмаған және 3 индикатор орындалу үстінде. 
Баяндамадан кейін мәслихат депутаттары Г.Құрманбаева, С.Жанашев М.Шәменов ауылындағы мәдениет Үйі ғимаратының жылу қазандығын газға ауыстыру мерзімі, Даму жоспарындағы орындалмаған 1 индикатордың себебі туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Келесі кезекте Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі- С.Қармыс аудандық бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы баяндама жасады. Баяндамашы бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен кент, ауылдық округ әкімдеріне бюджет қаражатының және активтерінің тиімді, атаулы және нысаналы жұмсалуына және пайдаланылуына үнемі қатаң қадағалау жасауды, алдағы уақытта бақылауға алынуы қажетті мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.  Тұрақты комиссияда кент және ауылдық округ әкімдерінің бюджетті атқару туралы қысқаша есептері тыңдалып, мәслихат депутаттары тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар берілді. Сессия отырысында 2025 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есепке қорытынды баяндаманы «Экономикалық даму, қаржы және бюджет мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссия төрағасы Г.Құрманбаева жасады. Баяндамашы бюджеттік тәртіпті нығайтуды, дебиторлық қарыздарды жоюды және меншікті кірістер көлемін арттыру бойынша нақты жоспар әзірлеуді тапсыру қажеттігін айта келе, 2025 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті  бекітуге ұсынды.
Екінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  басшысы Ғ.Ербол хабарлама жасады.
Тұрғын үй сертификаты – ҚР Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама шеңберінде және «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес тұрғынжай сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны.
Осыған орай «Жалағаш ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы»  шешім жобасы әзірленген.  Шешім жобасы қабылданған жағдайда халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар үшін тұрғын үйге қолжетімдігі артады. Заңнамада белгіленген тәртіппен 2026 жылы мұқтаж азаматтарға тұрғынжай сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қаржылай көмек көрсетілетін болады.
Депутаттар Ө.Елеусінов, Ғ.Дүйсекбаев Дәуімбай учаскесінде салынған ипотекалық үй тұрғындарының тұрғын үй сертификатын қолдану мүмкіндігі туралы, Наурыз учаскесінде салынған үйлерде тұрғындардың толық тұрып жатқандығы туралы сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Үшінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы  Н.Маратқызы хабарлама жасады.
Хабарламашы жыл басынан үнемделген қаржыларды тиісті бюджеттік бағдарламаларға, оның ішінде: Бұхарбай батыр ауылындағы 11 көшенің техникалық паспортын әзірлеуге, Н.Сермаханов, Келмембет батыр, Ш.Уалиханов көшелерінің жарық шамдарын қалпына келтіру жұмыстарына, Қ.Қазантаев мәдениет үйі ғимаратының қасбетіне жәй жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ауылдық клубтарға сахналық киімдер тіккізуге, Аламесек ауылдық округі теңгеріміндегі бос тұрған ғимаратты сату жұмыстары қызметіне, кенттегі апаттық жағдайда деп танылған Т.Қыстаубаев көшесі №2 көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындарына тұрғын үйлер сатып алуға, сондай-ақ, кейбір бағдарлама әкімшілерінің ағымдағы және күрделі шығыстарына бағыттауды ұсынды. Депутаттар Ө.Елеусінов, Г.Құрманбаева, С.Жанашев Қыстаубаев көшесіндегі апаттық жағдайдағы көпқабатты үй тұрғындарына үйлердің қай жерден және қалай салынып беретіндігі, былтыр салынған үйлердің толық сатып алынған-алынбағандығы, қоқысқа арналған полигон салуға жоба сметалық құжаттаманың дайындалуы, орталық алаңды абаттандыруға қатысты сұрақтарын қойды. Сессия отырысына ұсынылған мәселелер толығымен қаралып, нәтижесінде шешім жобалары бірауыздан қолдау тапты. Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.