Қазалыда құрылыс жанданып, келбет жаңаруда
Сыр өңірінің шырайлы ауданы – Қазалы бүгінде әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Аудан көлемінде құрылыс, инфрақұрылым, медицина, мәдениет және газдандыру бағыттарында ауқымды жобалар іске асуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қарлан көпірі – қайта жанданды
Алғаш 2022 жылы басталған Қазалы мен Кәукей арасындағы «Қарлан көпірінің» құрылысы қайта жанданып, бүгінде қарқынды жүргізілуде. Ұзындығы 248 метр болатын темірбетон көпір жобасын «НұрлыТау ЛТД» серіктестігі жүзеге асыруда. Құрылыс құны – 3,8 млрд теңге.
Бес ауылға – көгілдір отын
Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына магистральді газ құбырын тарту жұмыстары қарқынмен жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 3,7 млрд теңге. Жыл соңына дейін аяқталып, ауданның газдандыру көрсеткіші 73 пайызға жетпек.
Жолдар жөнделіп, қатынас жеңілдеуде
Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс ауылдарын жалғайтын 6,5 шақырымдық жолға 855 млн теңге бөлініп, қазіргі уақытта «Қазалы жолшы» ЖШС тарапынан асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс тамыз айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Мәдениет ошағы – Майдакөлде
Майдакөл ауылында 100 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны – 400 млн теңге. Қазан-қараша айларында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жаңа инсульт және кардиология орталығы
Қазалы аудандық ауруханасы жанынан 42 төсектік инсульт және кардиология орталығы салынуда. Құны – 1,9 млрд теңге. Жоба 2025 жылдың соңында аяқталуы тиіс. Мұнда МРТ аппараты орнатылып, шалғай аудандар тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетілмек.
Теміржол вокзалы мен жаяу көпір жаңаруда
Қазалы теміржол вокзалы 2013 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, 13 мың тұрғынды аудан орталығына жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірі қайта салынып жатыр. Жоба құны – 1,3 млрд теңге.
Қазалы ауданындағы бұл игілікті жобалар – мемлекеттік қолдаулар мен жергілікті биліктің жүйелі жұмысының нәтижесі. Құрылысы қайнаған, халқы еңбекқор өңір алдағы уақытта да өркендеу жолынан таймайтыны анық.







