ҚАРМАҚШЫДА ДӘУЛЕТ СЛАМОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ДЗЮДО ТУРНИРІ ӨТКІЗІЛДІ
ҚАРМАҚШЫДА ДӘУЛЕТ СЛАМОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ДЗЮДО ТУРНИРІ ӨТКІЗІЛДІ
Бүгін аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ел жадында жарқын бейнесімен сақталған азамат, спорт жанашыры Дәулет Пайзылдаұлы Сламовты еске алуға арналған 2013–2014 және 2015–2016 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық дзюдо турнирі өтті. Тағылымы мол спорттық шара жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулуға, бұқаралық спортты дамытуға және отансүйгіштік рухты қалыптастыруға бағытталды.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан турнирге Қызылорда облысының барлық аудандары мен қала орталығынан келген 300-ге жуық жас спортшы қатысты. Жас дзюдошылар татами төрінде өзара мықтыны анықтап, спорттық шеберліктерін көрсетті. Жарыс барысында қатысушылар әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша белдесіп, тартысты әрі қызықты кездесулер көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, зиялы қауым өкілдері, спортшылардың ата-аналары мен аудан тұрғындары қатысты.
Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, қатысушылар мен қонақтар Дәулет Сламовтың рухына тағзым етті. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай тағылымды шаралардың тәрбиелік маңызы зор екенін
атап өтті.
– Осындай тағылымды жарыстар арқылы жастарымыздың бойында спортқа деген қызығушылық артып қана қоймай, өткенге құрмет, елге деген сүйіспеншілік секілді асыл қасиеттер қалыптасады. Спорт – тек денсаулық кепілі емес, ол тәртіп пен табандылықтың мектебі.
Қазіргі заманда спорттың қоғамдағы орны ерекше. Толағай спортшыларды тәрбиелеген қасиетті Қармақшы жеріне арнайы келіп қатысып отырған барлық жас спортшылар мен жаттықтырушыларға алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі жарыста топ жарған жастар ертең ел намысын халықаралық ареналарда қорғайды деп сенеміз, – деді Диас Асылбекұлы.
Сондай-ақ шара барысында Дәулет Сламовтың өмір жолы мен азаматтық болмысы жайында кеңінен айтылды. Сламов Дәулет Пайзылдаұлы жастайынан спортқа ерекше қызығушылық танытып, салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді атсалысқан азамат ретінде ел есінде қалды. Ол спорт саласына жанашырлық танытып, кейінгі буынның дамуына қолдау көрсетіп, көптеген жастарға демеушілік жасаған.
Қысқа ғұмырында өзінің адамгершілік қасиетімен, қайырымдылығымен және елге жанашырлығымен көпшіліктің құрметіне бөленген Дәулет Сламовтың жарқын бейнесі бүгінгі ұрпаққа үлгі болып отыр.
Шара барысында әулеттің үлкені Тұрар Арыстанұлы сөз сөйлеп, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді. Ол Дәулет Пайзылдаұлының елге сыйлы азамат болғанын айтып, жастардың спортпен айналысып, елге қызмет ететін азамат болып өсуіне тілегін жеткізді. Ақсақал жас спортшыларға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
Турнирдің ашылу рәсімі мәдени бағдарламамен жалғасты. Жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындап, арнау жырлар айтылды. Бұл шараның рухани мазмұнын арттырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Жарыс барысында татамиге шыққан жас дзюдошылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Әр салмақ дәрежесінде өткен белдесулер тартысқа толы болып, жас спортшылар жеңіске деген жігері мен табандылығын дәлелдеді. Көптеген кездесулерде қатысушылар техникалық шеберліктерін көрсетіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.
Жаттықтырушылардың айтуынша, мұндай турнирлер жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына, өз шеберліктерін
шыңдауына және үлкен жарыстарға дайындалуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жарыс барысында спортшылар арасында достық қарым-қатынас қалыптасып, өзара тәжірибе алмасу жүзеге асады.
Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан барлық жағдай жасалды. Қатысушыларға қолайлы орта қалыптастырылып, қауіпсіздік талаптары толық сақталды.
Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде үздік өнер көрсеткен спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар үздік техника көрсеткен және көрермен көзайымына айналған жас спортшыларға арнайы номинациялар табысталды.
Турнир соңында ұйымдастырушылар мұндай спорттық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, жас буынды спортпен тұрақты айналысуға шақырды.
Жалпы, Дәулет Сламовты еске алуға арналған бұл турнир – спорт арқылы ұрпақ тәрбиелеудің, елге еңбегі сіңген азаматтарды ұлықтаудың және жастарды салауатты өмір салтына баулудың жарқын үлгісі болды.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі







