Қызылордада "Достық үйінің" жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті
Бүгін Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында салынған "Достық үйінің" жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Рәсімге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Аян Зейнуллин, "ҚазАтомӨнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, "Самұрық-Қазына Траст" корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева, құқық қорғау органдары мен жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы жаңа ғимарат ел игілігіне қызмет ететінін айтып, құттықтау сөзін жеткізді.
Салтанатты рәсімде бірлік пен келісімнің нығаюына елеулі үлес қосқан Ассамблея мүшелері мен жаңа ғимаратты сапалы етіп салған мердігер мекеме өкілдері облыстың ең жоғарғы наградасы – Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марат Әзілханов, Мұрат Әбенов және Мейіржан Юсупов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, бұл – бірлік мен ынтымақты нығайтуға атсалысқан этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея белсенділері үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген замануи ғимарат. Мұнда этномәдени бірлестіктердің, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің, Азаматтық Альянс өкілдерінің де толық жабдықталған жұмыс кабинеттері бар. Қала сәулетіне сән қосқан жаңа ғимараттағы 200 орындық концерттік, 50 орындық акт залдарында мәдени-рухани шаралар ұйымдастыруға болады. Шығармашыл жастарға арналған домбыра, ән, би үйірмелеріне, медиация орталығы, музей, Ассамблея жанындағы ғылыми сарапшылық топтарға да жағдай жасалған.
"Достық үйі" азаматтық қоғам институттарының басын қосатын, жаңа бастамаларды ілгерілететін орталыққа айналады.







