Нұржан Ахатов Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалды
Қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін осы қызметті атқарған Серік Салауатұлы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының тәуелсіз директорлығына тағайындалуына байланысты қызметінен босатылды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында қолға алынған серпінді жобаларға тоқталды.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң динамиканы атап өтті.
Екі жыл бұрын қала бюджеті 73,5 млрд теңге болған.
Өткен жылды облыстың бас шаһары 95,2 млрд теңге бюджетпен қорытындыласа, биылғы 6 айда 107,4 млрд теңге көлемінде бекітілді. Облыс орталығындағы жобаларға қаржыландырудың барлық көзінен 53,5 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ қаладағы және оған қарасты елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту жобалары, тұрғын үй құрылысы, қаланың сәулетін, келбетін көркейтіп, абаттандыруда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аймақ басшысы Серік Салауатұлына осы кезге дейін атқарған қызметі үшін сырбойылықтар атынан алғыс білдіріп, облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері негізінде облыс әкімінің өкімімен Қызылорда қаласының әкімі болып Ахатов Нұржан Сәбитұлы тағайындалды.
Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тіледі.
Бүгінде облыс тұрғындарының басым бөлігі қалада тұрады. Қызылорда халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы, жайлы ортаға айналып, барлық ауданға үлгі болуы керек. Жаңадан тағайындалған әкімге экономиканың барлық саласы бойынша нәтиже көрсетуді тапсырамын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сондай-ақ қаланың жаңа әкіміне коммуналдық қызметтердің үздіксіз көрсетілуін, сапалы қызметін үйлестіру, кезекте тұрған әлеуметтік осал топты және жастарды тұрғын үй, жер учаскесімен қамтуға қатысты шаралар қабылдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, шет аймақтардың инфрақұрылымын дамыту, инвестиция тарту, қала тазалығы мен көркейту мәселелерін басты назарда ұстау міндеті жүктелді.
Актив отырысында ел ағалары Жарылқасын Шәріпов, Дайрабай Ысқақов, Мұрат Бақтиярұлы, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев С.Қожаниязов пен Н.Ахатовқа тілектестік білдірді.
Нұржан Ахатов 1978 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген.
Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы облыстық статистика жөніндегі есептеу орталығының жабдықтаушы маманы болып бастаған. 2004-2008 жылдары Шиелі аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2008-2013 жылдары облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, облыстық кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы болған. 2013-2015 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, қала әкімінің орынбасары, 2015-2022 жылдары «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, басқарма төрағасы, «Қызылорда» автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметтерін атқарды. 2016-2021 жылдары Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты ретінде өзекті мәселелердің оң шешім табуына атсалысты. 2022 жылдың шілде айынан Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарып келді.