Қызылордада болған қайғылы жол апатынан отбасы әділдік талап етуде
Қызылордада алты баланың әкесі қаза тапқан жол-көлік оқиғасына байланысты дау туындады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның отбасы күдіктінің әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне наразылық білдіруде. Қайғылы оқиға 13-ші наурыз күні Қызылорда қаласында, Тәуелсіздік пен Әлісов көшелерінің қиылысында орын алған. Апат салдарынан 45 жастағы алматылық Алмас Айыпов көз жұмды. Оның артында алты бала қалды, олардың екеуі асырап алынған.
Туыстарының айтуынша, соққының қатты болғаны сонша, марқұмның ВАЗ-2104 көлігі шамамен 70 метрге дейін ұшып кеткен. Салдарынан жүргізушінің аман қалуына мүмкіндік болмаған. Апатқа қатысқан екінші көлік - Lexus 460. Рөлде 23 жастағы Әліби Боранбаев болған. Марқұмның жақындары оның жылдамдықты шамадан тыс асырғанын алға тартады.
Туыстарының сөзінше, Lexus жүргізушісі соқтығысқаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалып, кейін қайта оралған. Дегенмен бұл ақпарат ресми түрде расталмаған. Айыповтың көлігіндегі бейнетіркегіш жазбасына қатысты да күмән бар: файл бар делінгенімен, ашылмайды.
Қазіргі уақытта адам өліміне әкелген жол апатына қатысты күдікті әлі бостандықта.







