Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды
Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аудан әкімдігінде кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары, сондай-ақ аймақ басшысы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мәжіліске аудандық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов өз сөзінде өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім байқалатынын атап өтті.
Кәсіпкерлікті қолдау мен жаңа жұмыс орындары
Мәжілісте кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына да назар аударылды.
Аудан бойынша шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік гранттар аясында 2025 жылдың 1 қазанына дейін 218 жобаға жалпы көлемі 2 млрд 960,5 млн теңге қаржы бөлінген.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 22 жоба жүзеге асырылып, жалпы сомасы 109,4 млн теңге қаржы бағытталған. Бұл өз кезегінде 24 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, 91,9 млн теңгені құрайтын 15 жоба бойынша құжаттар «Amanatnesie.kz» цифрлық платформасына енгізілді.
Инфрақұрылым мен әлеуметтік мәселелер назарда
Кеңесте бұдан өзге де өзекті мәселелер – мешіт ғимараттарының жер телімдерін заңдастыру, аудандағы туризм саласын дамыту, сондай-ақ жылу беру маусымының тұрақты өтуі жайы қаралды.
Тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, әр бағыт бойынша орындалу мерзімі белгіленді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық сала жетекшілеріне белгіленген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауды жүктеді.