Креативті индустрия дамыту мақсатында шаралар ұйымдастырылды
Қызылордадағы «Анаға тағзым» орталығында креативті аспаздар бас қосты. Олардың қатарында бұл салада отыз жылдан аса еңбек өтілі бар білікті мамандар, өңіріміздегі белгілі мейрамханалардың бас аспаздары және жеке кәсіпкерлер бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Еркін форматтағы жиында қатысушылар уақыт талабы мен көпшілік сұранысына сай, қазақы ас мәзірін пайдалы әрі құнарлы жаңа тағамдармен толықтыру турасында өзара пікір алмасты. Сондай-ақ, ұмыт болған ұлттық тағамдарымызды қайта жаңғыртып, «Береке» аспаздық студиясындағы шеберлік сағаттары арқылы табиғи таза, ағзаға зияны жоқ қазақ дастарханын барынша насихаттау қажеттігін тілге тиек етті.
Мұнан соң, қонақтар сөзден іске көшіп, ерекше рецепт бойынша қалампыр, бидай және бұрыш қосылған шай түрлерін әзірледі. Әрқайсының өзіндік дәмі мен пайдасы бар. Олардың шығу тарихына тоқталып, күнделікті ішетін сусындардан айырмашылығын атап өтті.
Кездесу аясында қатысушылар «Анамның шайы» атты дәруменге толы төл бренд жасау қажеттігін айтып, бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласты.
Айта кету керек, «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен креативті индустрия бағытында мұнан өзге де ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Жуырда өткен жергілікті дизайнер-тігіншілердің креативті кластерлік жаңа жүйесін қалыптастыру бағытындағы «ЭТНО FASHION» облыстық сән үлгісі фестивалінің жалғасы ретінде Сырдария ауданында «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты қазақы нақыштағы киім үлгілерінің байқауы болды.
Облыс деңгейінде ұйымдастырылған шара екі кезеңнен тұрып, 8 жұп өзара бақ сынады. Халқымыздың бай мәдениеті мен төл құндылықтарын, этникалық ерекшеліктерін айшықтауды мақсат тұтқан байқауда «Анаға тағзым» орталығы «Креативті индустрия» бөлімінің басшысы Айдана Маратқызы қазылар алқасының қатарынан табылып, үздік дизайнерлік жұмыстарды анықтауға атсалысты.
Ұлттық рух, қазақы колорит жарасым тапқан сайыс қорытындысы бойынша қазалылық жұп Өмірзақ Жанболат пен Өтепбай Асем бас жүлде иеленді.
«Брендке бір қадам...» жобасы аясында да орталықта тұрақты түрде пайдалы дәрістер ұйымдастырылуда.
Қыз-келіншектердің рухани дамуы, уақыт талабына сай білім алуы, әсіресе, қаржылық сауатты болуы аса маңызды. Себебі, өз бюджетін жоспарлап, кіріс-шығыстарын есептеп үйренген адам ретсіз несиеге ұрынбасы анық.
Орталық базасында өткен кезекті семинарда осы тақырып кеңінен талқыланды. «Брендке бір қадам...» жобасы аясындағы арнайы дәрісте Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова отбасылық бюджетті басқару, кіріс-шығыстарды, пайызды есептеп үйрену, депозитте қаржы жинау сынды әрбір әйел білуі тиіс маңызды мәліметтер айтты. Өз тәжірибесімен бөлісіп, табысты арттырудың өзектілігіне тоқталды.