ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕЛІМІЗДЕГІ ҮШІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІК КІТАПХАНАНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Ұлттық кітап күні аясында Қызылорда қаласында еліміздегі үшінші Президенттік кітапхананың іргетасын қалау рәсімі салтанатты түрде өтті.Маңызды рухани-мәдени шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, кәсіпкер-меценат Эдуард Огай, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Салтанатты жиында аймақ басшысы жиналған қауымды 23 сәуір – Ұлттық кітап күнімен және кітапханашылардың кәсіби мерекесімен құттықтап, сондай-ақ еліміз үшін ерекше маңызға ие жаңа кітапхана құрылысының басталуымен құттықтау сөзін жеткізді.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өткен жылы аймағымызға жұмыс сапарымен келгенде Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет
көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылорда қаласында ашылатынын айтқан болатын. Бұл бастама жерлестеріміз тарапынан зор қуанышпен қабылданды. Бүгін біз аймағымыз үшін аса маңызды жобалардың бірі – білім мен мәдениеттің алтын діңгегіне айналатын Президенттік кітапхананың капсуласын салу рәсімінде бас қосып отырмыз», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сондай-ақ бұл жобаны жүзеге асыруға демеушілік көрсеткен белгілі кәсіпкер-меценат Эдуард Огайға барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша, бұл – тек құрылыс нысаны ғана емес, өңірдің рухани дамуына серпін беретін үлкен инвестициялық әрі мәдени жоба.
Жоба аясында құны 20 миллиард теңгені құрайтын, жалпы аумағы 13 мың шаршы метр болатын заманауи сәулеттік кешен бой көтермек. Кітапхана ғимараты заманауи талаптарға толық сай жабдықталады. Мұнда оқу залдары, конференц-зал, баспа және архив бөлімдері, сирек кітаптар
қоры, электронды кітапхана, әлем әдебиеті бөлімі, өнер галереялары, көрме алаңдары, коворкинг орталықтары және кітаптарды қалпына келтіру шеберханасы қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, жаңа Президенттік кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес, ол – ғылым, білім және мәдениетті тоғыстыратын рухани орталыққа айналады. Мұнда жастардың білім алуына, шығармашылықпен айналысуына, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне кең мүмкіндіктер жасалады.
«Бұл жоба – Мемлекет басшысының рухани жаңғыру, кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамаларының нақты көрінісі. Жаңа кітапхана халықтың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосады. Ол ұлтымыздың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін, жерлестеріміздің рухани тынысын ашатын тәрбие мен тағылым ордасына айналады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты рәсім барысында кәсіпкер-меценат Эдуард Огай мен Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шәкизада Әбдікәрімов сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Олар мұндай ауқымды бастамалардың ел руханиятын дамытуға қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Айта кету керек, соңғы жылдары Қызылорда облысында мәдениет пен руханият саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. 2022 жылдан бері өңірде 22 жаңа мәдениет нысаны салынып, ел игілігіне берілді. Барлық
аудандарда «Руханият орталықтары» ашылып, халыққа қызмет көрсетуде.
Облыс орталығында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» сияқты ірі мәдени нысандар бой көтерді. Сонымен қатар, Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңартылып, Ассамблеяның 30 жылдығына орай «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты салынды.
Соңғы жылдары жастардың шығармашылық және білім алу мүмкіндіктерін арттыру мақсатында «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында «Өнер мектебі» мен «Оқушылар үйі» іске қосылды.
Жалпы, Қызылордада жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар өңірдің мәдени-рухани дамуына серпін беріп, жас ұрпақты білімге, ғылымға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баулуға бағытталған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







