ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

1 517

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін, 21 мамыр күні Қызылорда қалалық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Жиын барысында қала өмірінің өзекті мәселелері кеңінен талқыланып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, қала құрылысы, діни ахуал және жер қатынастары салаларындағы жұмыстар сараланды.

Кеңес отырысына қалалық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мекеме басшылары, қоғамдық ұйым мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырысты Қоғамдық кеңестің төрағасы М.Кәрімбаев жүргізді.

Күн тәртібінде төрт маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда:

– ювеналды полиция инспекторларының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстары;

– қаладағы діни ахуал және діни тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары;

– Қызылорда қаласының жаңа бас жоспарын әзірлеу мәселесі;

– шаруа немесе фермер қожалықтарына жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мәселелері.

Жиын барысында кеңес мүшелері әрбір мәселе бойынша баяндамаларды тыңдап, сала мамандарына нақты сұрақтар қойып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қызылорда қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Н.Пазылов баяндама жасады.

Хабарлама барысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен айтылды.

Полиция өкілінің мәліметінше, 2026 жылдан бастап өңірде кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Олардың қатарында «Балалар түнгі қалада», «Тәртіпті қала», «Абайлаңыз, балалар!», «Жасөспірім» және «Квадрат» атты рейдтік және профилактикалық шаралар бар.

Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың түнгі уақытта қараусыз жүру деректерін анықтау, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Профилактикалық жұмыстар барысында қараусыз және қадағалаусыз жүрген, қаңғыбастыққа салынған кәмелетке толмағандар анықталып, түрлі құқық бұзушылық фактілері бойынша тиісті шаралар қабылданған.

Нәтижесінде 2389 әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар 98 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.

Құқық қорғау органдарының деректер базасына 81 ата-ана мен 71 жасөспірім есепке алынған. Қазіргі таңда олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен бірге ата-аналық міндеттерін орындамаған 3 ата-ана сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылса, тағы 2 ата-ананың құқығы шектелген.

Полиция өкілінің айтуынша, барлық құзырлы органдармен бірлесіп жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 30,8 пайызға төмендеген.

Дегенмен, жасөспірімдер арасындағы топтық төбелес фактілерінің артуы алаңдаушылық тудырып отыр. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар санының 38,1 пайызға өскені атап өтілді.

Талдау нәтижесіне сәйкес, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа әсер ететін негізгі факторлар ретінде ата-аналар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі, тәрбие жұмыстарының әлсіздігі және отбасының әлеуметтік жағдайы көрсетілді.

Баяндама барысында қазіргі таңда ғаламтор желісіндегі түрлі зиянды контенттердің, агрессияны насихаттайтын материалдардың және қауіпті сілтемелердің балаларға оңай қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық тудырып отырғаны айтылды.

Осыған байланысты ата-аналарға балалардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін тұрақты бақылауда ұстау, интернет қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігі ескертілді.

Кеңес мүшелері бұл мәселе бойынша пікір білдіріп, мектептерде құқықтық сауаттылық жұмыстарын күшейту, психологтардың қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастыру және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын арттыру жөнінде ұсыныстар айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ж.Тажмаханов «Қаладағы діни ахуал және діни тұрақтылықты қамтамасыз ету барысындағы жұмыстар туралы» баяндама жасады.

Хабарламада қала аумағындағы діни ахуалдың тұрақты екені айтылып, конфессияаралық келісімді сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қазіргі таңда қалада діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жастар арасында дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы топтар жұмыс істеп келеді.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын деструктивті діни идеологиялардың алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.

Кеңес мүшелері жастар арасында рухани-адамгершілік тәрбиені күшейту, теолог мамандардың қатысуымен кездесулер өткізу және тұрғындар арасында ақпараттық жұмыстарды жандандыру жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Қызылорда қаласының жаңа бас жоспарын әзірлеу мәселесі кеңінен талқыланды.

Бұл мәселе бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Баймырзаев және «Казгипроград-1» жобалау институты ЖШС директоры І.Темірбаев баяндама жасады.

Мамандардың айтуынша, 2025 жылы Қызылорда қаласының қолданыстағы бас жоспарының мерзімі аяқталуына байланысты жаңа бас жоспар әзірлеу қажеттілігі туындаған.

Осыған сәйкес биыл ашық конкурс ұйымдастырылып, нәтижесінде Алматы қаласындағы «Казгипроград-1» жобалау институты ЖШС жеңімпаз атанған.

Жиында І.Темірбаев мекеменің республика көлемінде жүзеге асырған жобалары мен тәжірибесіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда бастапқы ақпараттарды жинақтау, қала инфрақұрылымына қатысты деректерді талдау және қолда бар материалдарды нақтылау жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа бас жоспарды әзірлеу барысында қаланың ирригациялық жүйелері, инженерлік инфрақұрылымы, тұрғын үй құрылысы, жол желілері, әлеуметтік нысандар және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылмақ.

Сонымен қатар қаланың болашақ даму перспективасы, халық санының өсуі және жаңа тұрғын аудандардың инфрақұрылыммен қамтылуы да ескерілетін болады.

Кеңес мүшелері жаңа бас жоспардың сапалы әрі заманауи талаптарға сай дайындалуы маңызды екенін атап өтіп, жобалық жұмыстарға оң бағаларын берді.

Талқылау барысында қоғамдық көлік жүйесін дамыту, жасыл аймақтарды көбейту, су басу қаупінің алдын алу және әлеуметтік инфрақұрылымдарды теңдей орналастыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әжібеков баяндама жасады.

Хабарламада шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мәселелері түсіндірілді.

Спикер конкурс өткізу тәртібі, жер телімдерін бөлу қағидалары және заң талаптары туралы ақпарат беріп, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап қайтарды.

Кеңес мүшелері жер қатынастары саласында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ конкурс өткізу барысында цифрлық жүйелерді пайдалану, қоғамдық бақылауды күшейту және шаруаларға толық ақпарат беру мәселелері көтерілді.

Жалпы отырыс барысында көтерілген барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданатын болды.

Қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар тәрбиесі, қала құрылысы және жер қатынастары мәселелері қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Жиын ашық форматта ұйымдастырылып, отырыс «Facebook» платформасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қоғамдық кеңес жұмысына онлайн форматта қатысуына мүмкіндік берді.

Қалалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы барысында көтерілген мәселелер бойынша алдағы уақытта нақты жұмыстар жүргізіліп, тиісті сала басшыларына ұсыныстар берілетін болады.

Жалпы, қоғамдық кеңес алаңында талқыланған мәселелер Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық қауіпсіздік, діни тұрақтылық және қала инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жүйелеуге мүмкіндік береді.