Қызылордада 12 шенеуніктен интим фотосын жарияламау үшін ақша талап еткен
Қызылорда облысында алаяқтар тобы мемлекеттік қызметкерлерді интимді суреттер арқылы бопсалаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар әлеуметтік желіде өздерінің аватарларына сұлу қыздардың суреттерін қойып, жалған парақшалар ашқан. Сосын осы қыздардың атынан ер адамдармен сөйлескен. Уақыт өте келе бопсалаушылар қыздардың жалаңаш суреттерін жіберіп, мемлекеттік қызметкерлерден интимдік фотоларын сұраған.
Суреттерді қолға түсірген алаяқтар осы арқылы мемлекеттік қызметкерлерді бопсалап, ақша талап еткен. Қызылорда облысында 12 мемлекеттік қызметкер мен белгілі шенеунік алаяқтардың құрбаны болды.Олар жәбірленушілерді ақша бермеген жағдайда, суреттерді таратып жібереміз деп қорқытқан.
Тергеуден кейін 11 жәбірленушінің ақшасын қайтарып алғаны белгілі болды. Олар арыз жазудан бас тартты. Бір ғана жәбірленуші Б. кері қайтарылған 500 мың теңгені алмай, бопсалаушылардың үстінен сотқа беруге шешім қабылдаған. Сот отырысында алаяқтардың өздері кінәларын мойындады.
Сот үкімімен 3 сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігі 2),3)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандықтарын шектеу жазасы тағайындалып, жазаның өтеу мерзімі ішінде жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылды. Сотталушылардан ортақтасқан тәртіпте азаматтық талап қоюшы Б.-ның пайдасына 500000 теңге шығын өндірілді.
Сотталушылардан 500 000 теңге көлеміндегі залал бірлесіп өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.