Қызылордада 320 пәтерлік 4 тұрғын үй пайдалануға берілді
Қызылордада Қазақ елі астанасы мәртебесіне ие болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында кезекте тұрған азаматтарға арнап Сырдария өзенінің сол жағалауынан 320 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй кешені салтанатты түрде табысталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Елдің өткені мен бүгіні сабақтасқан маңызды кезеңде пайдалануға берілген бұл тұрғын үйлер – аймақтағы әлеуметтік қолдаудың айқын көрінісі.
Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, қала тұрғындары мен жаңа қоныс иелері қатысты. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тұрғын үй құрылысы саласындағы соңғы жылдардағы жетістіктерге тоқталып, жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтады.
25 мың тұрғын – жаңа баспанада
Облыс әкімі атап өткендей, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей қолдауының нәтижесінде соңғы үш жылда Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Осы уақыт аралығында 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 25 мыңға жуық тұрғын жаңа баспанаға ие болған. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың нақты іске асып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік саясаттың жемісі.
Қызылордада тұрғын үй құрылысы – даму драйвері
Соңғы жылдары Сырдарияның сол жағалауы қала құрылысы мен сәулет өнерінің жаңа нышанына айналды. Заманауи жобалар, жаңа дизайндағы көпқабатты үйлер – барлығы Қызылорданың урбанистік дамуындағы жаңа бетбұрыстың айғағы.
Аймақ басшысы жаңа баспана алған отбасыларға жылы лебізін білдіріп, қоныс тойдың әрбір тұрғын үшін жаңа өмірге жол ашатынын ерекше атап өтті:
Құрылысшыларға алғыс, қоғам қайраткерлерінен ізгі тілек
Іс-шара барысында жаңа нысанды салуға атсалысқан құрылысшылар мен мердігер ұйым өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Сонымен қатар Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Өмірбек Шәменов сөз сөйлеп, ел игілігіне бағытталған осындай игі бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
Қызылорда – тарихи астана, жаңа келбет
Айта кетейік, 1925 жылы Қызылорда (сол кездегі Ақмешіт) қаласы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы атанған болатын. Сол жылы-ақ «қырғыз» аталып келген ұлт атауы ресми түрде «қазақ» болып өзгертілді. Осы тарихи шешімнің 100 жылдығына орай өткізіліп жатқан іс-шаралар өңірдің рухани жаңғыруы мен дамуына тың серпін беруде.
Қызылорда – тек тарихпен ғана емес, заманауи құрылысымен, әлеуметтік инфрақұрылымымен, халыққа бағытталған мемлекеттік бағдарламаларымен ерекшеленетін аймақ. Жаңа тұрғын үйлер – осының дәлелі.