Жандос Еркінбектің қатысуымен аудан мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды
Бүгін Қармақшы ауданының барлық білім беру мекемелерінде 2025–2026 жаңа оқу жылының басталуына орай алғашқы қоңырау соғылып, мыңдаған шәкірт алтын ұя мектебіне қайта оралды. Бұл күн әсіресе алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үшін ерекше әрі толқынысты сәт болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мерекелік күнге орай Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде «Мектебім – мейірім мекені» атты алғашқы қоңырау салтанатты жиыны ұйымдастырылып, шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қатысты. Аудан басшысы жиын барысында ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтап, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.
– Киелі Қармақшы топырағында соңғы екі жылда білім саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп келеді. Бұл – ұстаздарымыздың кәсіби біліктілігі мен шәкірттеріміздің білімге деген ұмтылысының нәтижесі. Өткен 2024–2025 оқу жылында аудан түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, ауданның орташа көрсеткіші 85,1 балды құрады. Бұл – бұрын-соңды болмаған жетістік. 54 оқушы – «Алтын белгіге», 48 оқушы – «Үздік аттестатқа» ие болып, барлығы дерлік мемлекеттік білім гранттарына қол жеткізді. Аудан тарихында алғаш рет 138 балл жинаған екі оқушы облыс көлемінде үздіктер қатарынан көрінді. Жалпы, мектеп бітірушілердің 85 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды, – деді Жандос Еркінбек өз сөзінде.
Әлеуметтік қолдау – басты назарда
Жаңа оқу жылы қарсаңында аудан әкімдігі білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, оқушыларға әлеуметтік қолдау шараларын да кең көлемде жүзеге асырды. Дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» акциясы аясында 411 оқушыға жалпы сомасы 4,5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 3143 оқушының әрқайсысына 46 228 теңге көлемінде қаржылай қолдау берілді. Бұл – балалардың еш кедергісіз білім алуына жасалған нақты қамқорлықтың айқын көрінісі.
Мектептер жаңа оқу жылына толық дайын
Биылғы оқу жылына дайындық жұмыстары жаз бойы қарқынды жүргізіліп, аудандағы барлық мектептер жаңа оқу жылын толықтай дайындықпен қарсы алды. Атап айтқанда, №250 мектеп-лицейінде оқу кабинеттері жаңартылып, спорт алаңдары мен оқу құрал-жабдықтары толықтай жаңартылып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Биылғы оқу жылының көрсеткіштері:
Жалпы оқушы саны: 14 885
Сынып жиынтығы: 793
1-сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер саны: 1356
Бірінші сыныпқа қабылданған оқушылар үшін бұл күн өмірлеріндегі ең алғашқы және ұмытылмас сәттердің бірі болды. Оларды ұстаздар мен ата-аналар зор ықыласпен қарсы алып, білім әлеміне алғашқы қадамын жасауға бағыт берді.
Жаңа оқу жылының басталуы – бұл тек қана білім беру үдерісінің жалғасуы емес, сонымен бірге болашаққа деген жаңа үміттің, тың серпіннің бастамасы. Қармақшы ауданында білім саласындағы жүйелі жұмыстар мен қолдаулар – болашақтың білімді ұрпағын қалыптастыру жолындағы нақты қадам.