ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАСЫ ЕСЖАНОВ ТЕМІРБЕК ӘУБӘКІРҰЛЫНЫҢ ЖАҢА КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
Жалағаш ауданында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, білім беру ісінің озық қызметкері, ұлағатты ұстаз, ақын-жазушы Темірбек Әубәкірұлы Есжановтың «Ән қанатындағы өмір» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Тағылымы мол рухани шара ауданның Руханият орталығында ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әдебиет пен мәдениет жанашырлары, ұстаздар қауымы, жастар және аудан тұрғындары қатысты. Салтанатты іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Отан» орденінің иегері Имамзада Шағыртаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Әлиев, «Парасат» орденінің иегері, қоғам қайраткері Аңсат Сәпен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Темірбек Есжановтың сыныптасы Әсия Мәдиева және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Тағылымды шара қазақ руханиятына сүбелі үлес қосып келе жатқан қаламгердің шығармашылық жолын дәріптеуге арналды. Кеш барысында ақын-жазушының өмір жолы мен шығармашылық еңбектері туралы кеңінен айтылып, оның ұлттық әдебиет пен мәдениетке сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Салтанатты жиынды ашқан аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов Темірбек Әубәкірұлының саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, қоғамдық қызметке және әдебиет пен руханият саласына арнаған тұлға екенін ерекше атап өтті.![]()
Темірбек Әубәкірұлы саналы ғұмырын ұстаздыққа, қоғамдық қызметке және әдебиет пен руханиятқа арнаған тұлға. Әр жылдары білім, өндіріс және бұқаралық ақпарат салаларында жемісті еңбек етіп, ел игілігі жолында абыройлы қызмет атқарды. Оның қаламынан туған көптеген әдеби-танымдық еңбектер оқырман қауымның ықыласына бөленіп, ұлттық руханият қорын байытуға өзіндік үлес қосты. Саналы ғұмырында Темірбек ағамыздың қаламынан туған «Жақсыларда жаттық жоқ», «Көз көрген», «Гауһартас», «Керуен», «Ақ толқын», «Бір нәзік сәуле», «Қызылқұмның қызы», «Ауылдан аттанғандар», «Толғауы тоқсан тіршілік», «Беласқан», «Оң қанатындағы өмір» кітаптары жарық көрді. Бұл еңбектердің әрқайсысында ел өмірі, адам тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраттар кеңінен көрініс тапқан, – деді Өмірзақ Тұрымбетұлы.
Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы ақын-жазушы Темірбек Әубәкірұлына ауданның ең жоғары марапаттарының бірі – Жалағаш ауданының «Құрмет грамотасын» табыстап, иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Кеш барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері де қаламгердің шығармашылық еңбегіне жоғары баға беріп, оның руханият саласындағы қызметіне тоқталды. «Қазақстанның Еңбек Ері», «Отан» орденінің иегері Имамзада Шағыртаев Темірбек Әубәкірұлының әдебиет пен мәдениет саласындағы еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты. Ал облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Әлиев пен қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Аңсат Сәпен қаламгердің шығармаларында ұлттық болмыс, халықтың рухани дүниесі мен өнер құндылықтары кеңінен көрініс тапқанын атап өтті.![]()
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев пен Темірбек Есжановтың сыныптасы Әсия Мәдиева да жүрекжарды лебіздерін білдіріп, қаламгердің адами болмысы, еңбекқорлығы мен шығармашылық ізденісі жайында әсерлі естеліктерімен бөлісті. Кеш қонақтары «Ән қанатындағы өмір» атты жаңа кітаптың мазмұны мен маңызына ерекше тоқталды. Жаңа туындыда халқымыздың ән өнерін асқақтатқан дарынды тұлғалар мен күміс көмей әншілердің өмірі мен шығармашылығы кеңінен қамтылған. Сонымен қатар, өнердің адам жанына әсері, ұлттық мәдениеттегі орны мен рухани құндылығы терең толғаныспен суреттелген. Жинақта қазақ ән өнерінің дамуына үлес қосқан өнер иелерінің шығармашылық жолдары, олардың өнерге адалдығы мен халық ықыласына бөленген тағдырлары әсерлі баяндалады. Бұл еңбек – ұлттық өнерді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа рухани мұра ретінде ұсынатын тағылымды туындылардың бірі. Іс-шара барысында Темірбек Әубәкірұлының жаңа кітабының салтанатты түрде тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты. Қазақ руханияты тағы бір мазмұнды туындымен толықты.![]()
Өз кезегінде сөз алған Темірбек Әубәкірұлы осындай рухани кешті ұйымдастырған азаматтарға, шығармашылығына құрмет көрсеткен зиялы қауым өкілдері мен оқырмандарына ризашылығын білдірді.
– Өнер мен әдебиет – халықтың рухани байлығы. Қазақтың ән өнері – ұлтымыздың жаны, тарихы мен тағдыры. Осы құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың міндетіміз. Жаңа кітабым арқылы қазақ өнерінің қасиетін, әннің адам жанына беретін рухани қуатын көрсетуге тырыстым, – деді қаламгер.
Тағылымды шара барысында аудан өнерпаздары ән шырқап, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Қазақтың классикалық әндері орындалып, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Сонымен қатар, кітаптан үзінділер оқылып, қаламгер шығармашылығына арналған арнайы бейнеролик көрсетілді. Жалпы, «Ән қанатындағы өмір» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі ұлттық әдебиет пен өнерді ұлықтаған мазмұнды рухани кешке айналды. Бұл шара жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын оятуға ықпал етті. Осындай рухани тағылымы мол кештер арқылы ұлттық мәдениетіміздің қадір-қасиеті насихатталып, қазақ руханияты жаңа туындылармен толыға бермек.







