Қызылордада «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды

1 563

Ағымдағы жылдың 4 желтоқсанында Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының базасында жаңа «Қамқорлық» ерте араласу орталығы салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Маңызды әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Гибрат Ауғанов, «Қазақстан халқына» қорының өкілі Шыңғыс Шарапиев және «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.

Ерте даму – өмірлік мүмкіндіктердің негізі

Қызылордада ашылған орталық туғаннан үш жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде неврологиялық немесе ортопедиялық бұзылу қаупі бар сәбилерге, сондай-ақ шала туылған нәрестелерге бағытталған мамандандырылған көмек көрсетеді. Мұндай орталықтардың рөлі ерте диагностика мен уақтылы оңалтудың арқасында даму бұзылыстарының алдын алу мен мүгедектіктің қаупін төмендетуде айрықша маңызды.

Жоба өңірде баланы үздіксіз сүйемелдеу жүйесін қалыптастыруға бағытталып отыр. Яғни, 0–3 жас аралығындағы балалар жаңа орталықта көмек алса, 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін Қызылорда қаласындағы және Жаңақорған мен Арал аудандарындағы «Қамқорлық» оңалту орталықтары жұмыс істейді.

Заманауи жабдықтар – сапалы оңалтудың негізі

Орталық «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен әлемдік өндірушілердің ең жаңа оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Мұнда мыналар орнатылған: вертикализаторлар, rifton тренажерлері мен модульдері, коррекциялық-реттеуші кешендер, «Атлант» терапиялық костюмдері, сенсорлық және шунгит бөлмелері, тұзды шахта, иммерсионды ванна, ЭЭГ аппаратурасы және диагностикалық жүйелер.

Бұл жабдықтар мамандарға ерте араласудың тиімді, халықаралық стандарттарға сай бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мультидисциплинарлық команда – нәтижелі жұмыстың кепілі

Орталықтың жұмысы мультидисциплинарлық тәсілге негізделген. Балалар және олардың ата-аналарымен: невропатолог, реабилитолог, неонатолог, жаттығу терапиясының нұсқаушысы, логопед, дефектолог, психолог, тәрізді мамандар бірлесіп жұмыс жүргізеді.

Олардың барлығы Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында арнайы оқытудан өткен. Бұл көрсетілетін қызметтердің жоғары кәсіби деңгейін қамтамасыз етеді.

Ата-аналар орталық қызметін пайдалану үшін алдымен тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгініп, дәрігердің жолдамасын алуы қажет. Осыдан кейін бала мен отбасы орталық мамандарымен жеке консультациядан өтіп, қажетті оңалту бағдарламасы белгіленеді.

Қызылордада «Қамқорлық» орталығының ашылуы – ерекше күтімге мұқтаж балаларды қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамалардың нақты жемісі. Ерте диагностика мен оңалту жүйесінің дамуы өңірдегі көптеген балалардың денсаулығын жақсартуға, қоғамға толыққанды бейімделуіне мүмкіндік береді.