Қызылорда облысындағы 12 мектеп бюджеттің 500 млн теңгесін жымқырған

83

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы бір ауданынның 12 мектебі мемлекеттің 500 млн теңгесін жымқырғаны туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Биыл Қызылорда облысында білім саласындағы бюджет қаражаты талан-таражға түсіп, тиімсіз игеру кеңінен белең алды. Осы орайда, аймақ басшысы жемқорлықпен қалай күрес жүріп жатқаны туралы брифинг барысында айтып өтті. 


«Біз құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге білім саласына көп тексеру жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда бір ауданның өзінде 12 мектепте 500 млн теңгеден астам қаржы жымқырылғаны белгілі болды. Сол бойынша қазір іс қозғалды. Тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Шешім қабылданады», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.


Әкімнің айтуынша, аталмыш мәселені әкімдіктің ішкі аудиті де бақылап отырған көрінеді.


«Ревизиялық комиссия және бар. Осылар қазір жұмыс істеп жатыр. Білім саласында, денсаулық сақтау саласында, бүкіл салада осындай жұмыс жүргіземіз. Мысалы, қазір қоғам белсенділерінің қатысуымен балабақшаларда рейд жасалып жатыр. Шынын айту керек, мемлекеттен 100 балаға, 150 балаға тапсырыс алып жатыр. Ал барып қарасақ, онда 100 баланың орнына 60-70 бала жүреді. Осыны да анықтап жатырмыз. Мұндағы мақсат – бюджеттің қаржысын барынша үнемдеу, ысырапшылдыққа жол бермеу, қаражатты ең өзекті деген мәселелерге бағыттап, халықтың ұсыныс-тілегін орындау», - деді әкім.


Еске салсақ, бұған дейін өңірдегі жемқорлық фактілерінің бірі "Қызылорда облысында мектеп қызметкерлері жалған мәлімет енгізіп, 543 млн теңгені жымқырған" туралы ақпарат тараған болатын.