Сыр өңірінде 150 отбасы баспаналы болды
Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топтағы отбасыларға Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесіндегі бюджет есебінен сатып алынған 150 пәтердің кілтін табыстады. Салтанатты іс-шараға Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов және Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов қатысты, -деп хабарлайды "Opennews.kz"ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы баспаналы болған азаматтарға игі тілегін білдірді.
Салтанатты шарада Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов жерлестерін құттықтады. Қоныстой иелері атынан Гүлдана Майхиева қуанышын жеткізіп, құрылыс саласының ардагері Жанәбіл Нұрқышұлы ақ батасын берді.
Тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, пәтер кілтін алғандар арасында жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік жағынан осал топ өкілдері бар. Пәтерлердің аумағы 40 шаршы метр, оларды сатып алуға республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд. 854 млн теңге бөлінген.