АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосуға ардагерлер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғылым және мәдениет саласының өкілдері, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы жоспарлар мен жаңа бастамалар жөнінде пікір алмасу, ел ағаларының ұсыныс-пікірлерін тыңдау және қоғам мен билік арасындағы сабақтастықты нығайту болды.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев соңғы жылдары Сыр өңірінде жүзеге асқан ауқымды жобалар мен оң өзгерістерге тоқталып, бұл жетістіктер елдің ауызбіршілігі мен Мемлекет басшысының қолдауының арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, жақында ғана Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы төрт жылдан астам уақыт облысымызды басқарған кезеңде өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Сыр
жұртшылығы барлық бастамаларға қолдау білдіріп, бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Өңірдің дамуына үлес қосқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде Қызылорда облысының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде тұрақты өсім қалыптасқан. Биылғы көрсеткіштер бойынша өңір экономикасының өсімі 107 пайызға жеткен.
Экономиканы әртараптандыру және жаңа өндірістерді іске қосу мақсатында алдағы үш жылда жалпы құны 1 триллион 900 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалардың нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
– Биылдың өзінде жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын 14 ірі жобаның құрылысы басталады. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын
құруға мүмкіндік береді, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Соңғы жылдары облыста 200-ге жуық әлеуметтік нысан бой көтерген. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері, спорт кешендері, мәдениет нысандары мен тұрғын үйлер бар.
Қазіргі таңда облыс тұрғындары толықтай орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің барлығы ыстық су жүйесіне қосылған. Бұл – өңір үшін маңызды әлеуметтік жетістіктердің бірі.
Газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін тағы 10 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Нәтижесінде облыстағы газдандыру көрсеткіші 85 пайызға дейін артады.
Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де басты назарда. Соңғы жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтердің кілті табысталған. Бүгіннің өзінде Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңадан салынған тұрғын
үйлердегі 600 пәтер иелеріне салтанатты түрде берілді.
– Халықты тұрғын үймен қамту – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Қазіргі таңда облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді облыс әкімі.
Жиында өңірдегі инфрақұрылымдық жобалар да кеңінен сөз болды. Биыл облыстағы 141 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтеді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 96 пайызға жеткізілмек.
Сонымен қатар халықаралық маңызы бар жол жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жолын төрт жолақты етіп кеңейту жұмыстарының бірінші кезеңі қарқын алған.
Бұдан бөлек, «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша облыс аумағынан өтетін 189 шақырым жол құрылысы жақын күндері басталады. Бұл жобалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, транзиттік мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстар да талқыланды.
Бағдарлама шеңберінде Қызылорда қаласында жаңадан Президент саябағы салынды. Бұл нысан қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып келеді. Саябақ аумағында көгалдандыру, абаттандыру және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары жүргізілген.
Бүгін аталған саябақ аумағында жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық оқу-сауықтыру орталығы балалар игілігіне пайдалануға берілді. Мұнда балалардың сапалы білім алып, бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар осы аумақта Ботаникалық білім беру орталығының құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында оқушылар мен жастарға арналған ғылыми-танымдық және экологиялық бағыттағы арнайы кеңістіктер ашылады.
Аймақ басшысы денсаулық сақтау және мәдениет салаларында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға да тоқталды.
– Жыл басында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Соған сәйкес Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, 400 және 500 орындық екі емхана, 200 орындық перинаталдық орталық салынып жатыр. Сонымен қатар жаңа драма театр мен заманауи кітапхана құрылысы қарқынды жүргізілуде, – деді Мұрат Ергешбаев.
Бұл нысандар пайдалануға берілгеннен кейін өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық және мәдени қызметтердің сапасы жаңа деңгейге көтерілмек.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Қоғам қайраткері Тұрғанбай Маханов ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталып, өңірдегі жүйелі жұмыстардың нәтижелі болуына тілектестік білдірді.
Ардагер Бақберген Досманбетов жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына тоқталып, инфрақұрылымдық жобалардың ел игілігіне қызмет ететінін жеткізді.
Өмірбек Шәменов пен Шаһизада Әбдікәрімов те сөз сөйлеп, Сыр өңірінің дамуына бағытталған бастамаларға қолдау білдіріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Кездесу ашық әрі еркін форматта өтіп, зиялы қауым өкілдері аймақтың дамуына қатысты өз ойларын ортаға салды. Қоғамдық келісімді сақтау, жастарға сапалы тәрбие беру, мәдениет пен руханиятты дамыту, экологиялық мәселелер және әлеуметтік жобалардың тиімділігін арттыру бағытында ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімі барлық ұсыныстар назарға алынатынын айтып, зиялы қауымның пікірлері өңірді дамыту ісінде әрдайым маңызды екенін атап өтті.
– Зиялы қауым – қоғамның тірегі, елдің рухани бағдары. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз біз үшін қашанда құнды. Өңірдің өркендеуі жолында бірге жұмыс істейміз деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Кездесу соңында қатысушылар елдің амандығы мен өңірдің өсіп-өркендеуіне тілектестік білдіріп, Сыр елінің бірлігі мен татулығы әрқашан берік болсын деген ниетпен тарқасты.
Қызылорда облысында соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен жүйелі реформалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Ал билік пен қоғам арасындағы мұндай кездесулер елдік мүдде жолындағы бірлескен жұмыстың маңызын айқындай түсуде.







