ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР – «ЕҢ ҮЗДІК ОЛИМПИАДАЛЫҚ КОМАНДА» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР – «ЕҢ ҮЗДІК ОЛИМПИАДАЛЫҚ КОМАНДА» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Қызылорда қаласында білім мен ғылым саласындағы үздік жетістіктерді дәріптеуге арналған ерекше кездесу өтті. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалардың, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ олардың жетекші ұстаздарын қабылдап, білім додаларында қол жеткізген табыстарымен құттықтады.
Салтанатты жиынға облыстың әр ауданынан келген дарынды оқушылар, тәжірибелі педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары, сала ардагерлері және ата-аналар қатысты. Кездесудің басты мақсаты – жас дарындарды қолдау, олардың жетістіктерін насихаттау және білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздардың қажырлы еңбегіне құрмет көрсету болды.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Білім мен ғылымға инвестиция салу – ел болашағына салынған инвестиция екенін айтқан аймақ басшысы өңірде бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуына барлық жағдай жасап келеді. Мемлекет басшысы: “Расында, дарынға ие болу – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен
пайдалана білу қажет. Әр жеңіс, әр медаль тынымсыз ізденіспен, маңдай термен, үздіксіз дайындықпен келеді”, – деп атап өткен болатын.
Бұл сөздер бүгінгі білімді де талапты жастар үшін үлкен бағдар болуы тиіс. Қазақ халқы ежелден білім мен ғылымды жоғары бағалаған. “Білім – таусылмайтын кен” деген дана сөздің мәні бүгінде бұрынғыдан да арта түсті. Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттердің қуаты табиғи ресурстарымен емес, білімді азаматтарымен өлшенеді. Сондықтан Сыр өңірінің ғана емес, тұтас еліміздің мерейін асырып жүрген өздеріңіздей талантты жастармен кездесудің мәні ерекше», – деді облыс басшысы.
Кездесу барысында өңір оқушыларының соңғы жылдардағы жетістіктері кеңінен айтылды. Биыл Қызылорда облысының оқушылары халықаралық және республикалық білім бәсекелерінде бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткізді.
Атап айтқанда, 29 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері атанды. Олар математика, физика, химия, биология, информатика, география, робототехника және басқа да бағыттар бойынша ел намысын абыроймен қорғап, халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті.
Сонымен қатар 143 оқушы республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында үздік нәтиже көрсетіп, облыстың білім беру жүйесінің әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Бұл көрсеткіштер Сыр өңіріндегі білім сапасының жылдан-жылға артып келе жатқанын айқын аңғартады.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша Қызылорда облысының құрамасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленді. Бұл – өңір тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі.
Аталған марапат тек жекелеген оқушылардың ғана емес, тұтас білім беру саласының жемісті еңбегінің нәтижесі болып табылады. Оған оқушылардың табандылығы, ұстаздардың кәсіби шеберлігі және ата-аналардың қолдауы үлкен ықпал етті.
Білім додаларындағы жетістіктер мұнымен шектелмейді. Биыл облыстың екі оқушысы халықаралық деңгейдегі білім жарыстарындағы жоғары көрсеткіштері үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарын жеңіп алды. Бұл олардың болашақта ғылым мен білім саласында жаңа белестерді бағындыруына мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында білім беру саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегі де лайықты
бағаланды. Дарынды шәкірт тәрбиелеп, халықаралық және республикалық жарыстарға дайындаған 30 жетекші педагог облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен бірге ұстаздарға арнайы шипажайларға жолдамалар табысталып, олардың денсаулығын нығайтуына жағдай жасалды. Бұл – білім саласы қызметкерлерінің еңбегіне көрсетілген құрметтің нақты көрінісі.
Жиында халықаралық және республикалық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен 36 оқушыға облыс әкімінің Алғыс хаты мен заманауи планшеттер табысталды. Жас дарындар өздерінің білім жолындағы жетістіктері туралы айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Кездесу барысында оқушылар мен ұстаздар өңірдегі білім беру жүйесін одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Олар ғылыми зерттеулерді қолдау, олимпиадалық дайындық орталықтарын дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламаларын көбейту және цифрлық білім беру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Облыс әкімі көтерілген ұсыныстардың назарға алынатынын айтып, білім саласын қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Айта кету керек, соңғы жылдары Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен Қызылорда облысында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
Жалпы облыста соңғы жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде білім беру саласына қатысты 46 жаңа нысан ел игілігіне тапсырылды. Бұл ауылдық және қалалық жерлердегі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 жаңа мектеп салынды. Заманауи үлгіде бой көтерген бұл білім ордалары оқушылардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген.
Жаңа мектептерде робототехника кабинеттері, STEM зертханалары, пәндік кабинеттер, цифрлық технологиялар орталықтары және спорт залдары жұмыс істейді. Бұл оқушылардың заманауи білім мен дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар физика-математика бағытындағы Білім-инновация лицей-интернаты үшін жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Бұл білім ордасы көптеген халықаралық олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарған жетекші оқу орындарының бірі саналады.
Өңірдегі өнер мен мәдениет саласындағы білім беру жүйесін дамыту мақсатында музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу орны жас музыканттардың кәсіби білім алуына мүмкіндік беруде.
Дарынды балалардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамыту мақсатында Қызылорда қаласында Оқушылар сарайы ашылды. Сонымен қатар Сыр жұлдыздары академиясы жұмысын бастап, жүздеген оқушыны қосымша білім беру бағдарламаларымен қамтуда.
Аудан орталықтарында да маңызды жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, Жалағаш ауданы, Жаңақорған ауданы және Шиелі ауданында жаңа «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» пайдалануға берілді. Бұл нысандар ауыл балаларының қосымша білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына жол ашты.
Жақында өңірде жаңа балалар тынығу лагері пайдалануға беріліп, алғашқы демалушыларын қабылдады. Заманауи лагерь балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалуына барлық жағдай жасап отыр.
Бүгін тағы бір маңызды нысан – Ботаникалық білім беру орталығы ел игілігіне табысталды. Орталықта оқушылар биология, экология және қоршаған ортаны қорғау бағыттарында тәжірибелік білім алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыса алады.
Соңғы жылдары өңірдегі білім сапасының жақсаруы халықаралық рейтингтер мен олимпиада нәтижелерінен айқын байқалуда. Қызылордалық оқушылар әлемнің түрлі елдерінде өткен білім сайыстарында Қазақстанның көк Туын көкке көтеріп, ел абыройын асқақтатуда.
Бүгінгі кездесуде марапатталған жастар – тек өздерінің ғана емес, бүкіл Сыр өңірінің мақтанышы. Олардың жетістігі кейінгі буынға үлгі болып, білімге ұмтылған мыңдаған оқушыға шабыт береді.
Кездесу соңында облыс әкімі жас дарындарға алдағы білім жолында табыс тілеп, олардың ғылым мен білім саласында жаңа белестерді бағындыратынына сенім білдірді. Сонымен бірге ұстаздарға өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі қажырлы еңбектері үшін алғыс айтып, білім беру саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Сыр өңірінің білімді жастары мен білікті ұстаздары қол жеткізген бүгінгі жетістік – еліміздің интеллектуалдық әлеуетінің артып келе жатқанының жарқын көрінісі. Ал «Ең үздік олимпиадалық команда» атағы Қызылорда облысының білім саласындағы жүйелі жұмысының нақты нәтижесі ретінде тарихта қалмақ.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.







