Облыс әкімі Чех инвесторларымен кездесті
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Чехия Республикасының бизнес өкілдерімен кездесіп, өңірдегі инвестициялық жобаларды таныстырды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы қызылордалықтар жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға әрдайым ашық екенін жеткізді. Балық өнімдерін экспорттау, энергетикалық жобалар мен мұнай-газ құбырлары өндірісіне қызығушылық танытқан инвесторларға өңірдің мүмкіндіктері туралы айтты.
Энергетика саласына келсек, аймақта жиынтық қуаттылығы 89 мегаваттық 9 күн электр станциясы жұмыс жасайды. Оның үшеуі шетел инвесторларының қатысуымен жүзеге асты. «Акса энерджи» түрік компаниясы Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаваттық жылу-электр стансасын салуда. Оның қуаты өңірдің сұранысын толық қанағаттандырады. Экспортқа бағытталған, өңделген отандық өнімдерге бірқатар қолдау шаралары бар. Сыртқы нарыққа шығару үшін кәсіпорындарға жан-жақты сервистік қолдау көрсетіледі, жол шығындары 80%-ға дейін өтелуде. Сіздерге перспективалы жобаларды іске асыруда мүмкіндігінше жан-жақты қолдау көрсетеміз. Біздің өңірге келген сапарыңыз Қызылорда облысы мен Чехия арасындағы достық байланысты одан әрі кеңейтетініне сенімдімін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өз кезегінде, инвесторлар ұсынылған жобаларға қызығушылық танытып, алдағы уақытта аталған салалар бойынша әріптестік орнатуға ниет білдірді.