Шиеліде №48 Ә. Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінің ұстаздарымен маңызды әрі мазмұнды кездесу өтті
Шиеліде №48 Ә. Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінің ұстаздарымен маңызды әрі мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – педагог қызметкерлердің құқықтық және діни сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қазіргі қоғамда өзекті болып отырған қауіптердің алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізу болды.
Кездесу барысында РАТТ мүшесі, теолог Ботақараев Бауыржан Қуанышбайұлы сөз сөйлеп, экстремистік және радикалды діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері туралы жан-жақты баяндады. Ол мұндай ағымдардың әсіресе жастар арасында таралу себептеріне тоқталып, олардың алдын алу жолдары туралы нақты ұсыныстар айтты. Сонымен қатар, ұстаздардың оқушылармен жұмыс барысында рухани-адамгершілік
құндылықтарды дәріптеудегі рөлі ерекше екені атап өтілді. Теолог өз сөзінде дәстүрлі діни бағыттың маңыздылығын түсіндіріп, жалған діни ұйымдардың белгілерін ажырата білу жолдарын мысалдар арқылы жеткізді.
Іс-шара аясында аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К. Есенбаев та сөз алып, қазіргі таңда кең таралып отырған интернет алаяқтық (мошенничество) мәселесіне кеңінен тоқталды. Ол алаяқтардың қолданатын түрлі айла-тәсілдері, соның ішінде жалған сайттар, күмәнді қоңыраулар, әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алдау түрлері туралы нақты мәліметтер берді. Сонымен қатар, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау, белгісіз сілтемелерге өтпеу, банк карталарының мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеу сияқты маңызды сақтық шараларын түсіндіріп өтті.
Кездесу барысында ұстаздар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі толық жауаптар алды. Ашық диалог форматында өткен бұл жиын өзара пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге мүмкіндік берді.
Жалпы, аталған кездесу ұстаздар қауымы үшін аса пайдалы болып, олардың ақпараттық және құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ оқушылармен жұмыс барысында қауіптің алдын алу бағытындағы іс-әрекеттерін күшейтуге ықпал етті. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.







