Ақсуатта ауыз судан ахау шықты
Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінде ауыз су құбырынан түсі мен құрамы өзгерген белгісіз сұйықтық ағуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жақсы тұрмыстың өлшемі көп. Алайда халық үшін зәулім үй, жайлы төсек, қымбат көлік, сәнді киімнен бұрын шаңырағында тіршілікке қажетті қарапайым игіліктердің болғаны маңыздырақ. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – ауыз су. Ел тұрғындарын тіршілік көзімен толық қамтуды мемлекеттің негізгі міндеті деп межелеген Үкімет су құбырларын жөндеу жұмысы мен жаңа желілердің құрылысына айрықша көңіл бөлуде.
Бүгінде ауызсудың зардабын тартып отырған елді мекендер әлі баршылық. Алысқа бармай-ақ, қала іргесіндегі елді мекендер мен Ақсуат ауылдық округі жаздың күні ауызсу әрбір тұрғынның алаңдайтын мәселесіне айналады. Ауылдың басындағы үйлер су алса, төменгі жақтағы үйлер бір тамшы суға зар боп қалуда. Ендігі мәселе ауыл тұрғындары тарапынан су құбырынан аққан ақ түсті сұйықтықтың берілгендігі жаға ұстатты.
Сапасыз су адам денсаулығына зиян. Судың құрамында микроэлементтер мен минералдар жоқ болғанда, тірі ағзаның қалыпты жұмыс істеу теңгерімі бұзылады. БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, жер бетіндегі аурудың 80 пайызы сапасыз судан болады. «Өлі суды» тұрақты түрде тұтынушылар біршама уақыттан кейін бауыр, бүйрек және тағы да басқа ауруларға шалдығады десе-ді. Микробиологиялық және химиялық көрсеткіштерге сай келмейтін ауыз суды тұтыну оба, тырысқақ, гепатит және гастроэнтерит секілді жаман ауруларға шалдықтыратыны тағы белгілі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адамдардың денсаулығы негізінен сапасыз судың салдарынан нашарлайды екен.
«Ақсуат ауылдық округінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін екі скважина орналасқан. Оның біреуі Ж.Маханбетов ауылының, ал екіншісі “Наурыз” саяжайының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуде.
Қазіргі таңда Ж.Маханбетов ауылындағы ауыз су скважинасында техникалық ақау пайда болуына байланысты тиісті мамандар тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.»,- деп жазды Ақсуат ауылдық округінің әкімдігінің өкілдері.
Бүгінде ауыл тұрғындары судың уақытпен беріліп жатқандығын айтып хабарласуда. Алдағы күндері тіпті сусыз қаламыз ба деген үрей басым дейді. Сусыз қалған тұрғындар әкімдік тарапынан жұмыс жасалды дегенмен нәтиже жоқ дейді.
Жерасты суы скважин 1-ден лай су шығып жатырғандығы әлеуметтік желілерде қызу талқылауға түсуде. Күндізгі 12 мен 2 аралығында беріліп жатырғандығы белгілі болды.
Қазақстан үшін халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жыры бітпейтін күрделі мәселеге айналды. Мемлекет әлеуметтік тұрғыдан алғанда маңызы зор бұл проблеманы шешу үшін тиісті бағдарламаларды қабылдап, бюджеттен қыруар қаржы бөлгеніне қарамастан, республикамызда таза ауыз суға зәру елді мекендердің саны әлі де азаймай отыр.