ҚЫЗЫЛОРДАДА АҢЫЗ АДАМ АТЫНДАҒЫ АЯҚ ДОП ТУРНИРІ ӨТТІ
ҚЫЗЫЛОРДАДА АҢЫЗ АДАМ АТЫНДАҒЫ АЯҚ ДОП ТУРНИРІ ӨТТІ
Бүгін «Локомотив» құтқарушылар стадионында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, кәсіби футболшы, спорт шебері Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Аталған жарыс жас футболшылардың шеберлігін шыңдап, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін маңызды спорттық дода ретінде ұйымдастырылып отыр.
Турнирге өңіріміздің әр ауданынан 10 команда қатысып, өзара бақ сынасуда. Жас спортшылар алаңға үлкен дайындықпен шығып, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетуге тырысып, көрермендерге тартысты матчтар сыйлауда. Әр ойын жасөспірімдердің спортқа деген ынтасы мен жеңіске деген жігерін айқын көрсетті.
Ашылу салтанатына қала әкімі Нұржан Ахатов, спорт ардагерлері, облыстық футбол федерациясының президенті және спорт саласының өкілдері қатысып, жас аяқ допшыларға сәттілік тілеп, олардың болашағына сенім білдірді.
Салтанатты шара барысында қала әкімі Нұржан Ахатов сөз сөйлеп, Тимур Санжарұлының спорттағы орны мен
еңбегіне ерекше тоқталды.
– Тимур Санжарұлы қызылордалықтар үшін өшпес есім, аласармас тау тұлға. Ол жергілікті «Автомобилист» командасынан бастап, бүгінгі «Қайсар» клубының іргесі бекемделуіне зор үлес қосты. Оның спорттағы жолы – жас ұрпақ үшін үлкен өнеге, – деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар ол кеңестік кезеңдегі футбол тарихына тоқталып, «Қайрат» клубының қалыптасуы мен оның өңір спортындағы символдық маңызы туралы да атап өтті. Бұл тарихи сабақтастық бүгінгі буынның спортқа деген қызығушылығын арттыра түсетіні, сондай-ақ аймақ футболының дамуына рухани серпін беретіні айтылды.
Шара барысында спорт ардагерлері мен облыстық футбол федерациясының президенті Болат Көшербаев жас спортшыларға ақ батасын беріп, олардың болашағына сәттілік тіледі. Ардагерлер спорттағы тәртіп, табандылық, еңбекқорлық және командалық рухтың маңызын ерекше атап өтіп, жас буынды жүйелі жаттығуға шақырды.
Турнирдің басты мақсаты – жасөспірімдер арасында футболды дамыту, дарынды спортшыларды анықтау және оларды кәсіби спортқа бейімдеу. Сонымен қатар, мұндай жарыстар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, достық пен бәсекелестік мәдениетін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын нығайтуға ықпал етеді.
Бүгінде қала аумағында бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тұрғындардың спортпен жүйелі түрде айналысуына қолайлы жағдай жасалып, әрбір шағынаудан мен тұрғын алқаптарда заманауи спорт алаңдары салынды.
Аталған инфрақұрылымдар тұрғындардың күнделікті жаттығуына, балалардың спортқа ерте жастан қызығушылық танытуына және кәсіби спортқа қадам жасауына мүмкіндік беріп отыр. Бұл – салауатты қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Қаладағы спорт саласының дамуына серпін берген негізгі жобалардың бірі – Еуропа стандарттарына сай салынған 11 000 орындық «Қайсар Арена» стадионы. Қазіргі таңда бұл стадионда ел чемпионаттары мен түрлі республикалық деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Сонымен қатар, спорт сүйер қауым үшін «Қайсар Арена» стадионынан кейінгі ауқымды жобалардың бірі – Еуропаның
үздік футбол мектептері үлгісінде салынатын «Қайсар» футбол академиясының құрылысы жүзеге асырылуда. Бұл орталық жас футболшыларды кәсіби деңгейде даярлауға бағытталған стратегиялық маңызды инфрақұрылым болмақ.
Академия жобасы аясында заманауи талаптарға сай жатақхана, оқу сыныптары, медициналық және қалпына келтіру кабинеттері, асхана және жеті жаттығу алаңы қарастырылған. Бұл жас спортшылардың тек спорттық шеберлігін ғана емес, жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар қалада жаңашылдық әкелген заманауи теннис орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда күнделікті жаттығулармен қатар облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, спортшылардың кәсіби өсуіне жағдай жасалуда.
Инклюзивті спорт мектебі де ерекше қолдауға ие. Бұл орталық ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың спортпен айналысуына мүмкіндік беріп, олардың қоғамға бейімделуіне және белсенді өмір салтын ұстануына жол ашып отыр.
Алдағы уақытта пайдалануға берілетін «Қызылорда Арена» спорт кешені де өңір спортының дамуына үлкен серпін бермек. Бұл кешен бұқаралық және кәсіби спортты қатар дамытатын көпфункционалды заманауи орталық ретінде қызмет атқарады.
Жалпы өңірде спортты дамыту, жастарды қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мұндай ауқымды жобалар жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына берік негіз қалайды.
Турнир – тек жарыс емес, бұл – жас спортшыларды үлкен спортқа жетелейтін маңызды мектеп, тәрбие алаңы және жаңа мүмкіндіктердің бастауы.
@Қала әкімінің баспасөз қызметі







