ҚАРМАҚШЫДА ӨТКЕН ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН АЛДАҒЫ ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1 507

ҚАРМАҚШЫДА ӨТКЕН ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН АЛДАҒЫ ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте көтерілген мәселелер қаралып, аудан көлеміндегі бірқатар маңызды бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – өткен жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы болды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиын барысында аудан бойынша әлеуметтік нысандардың, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелерінің жылыту жүйелерінің жағдайы, қатты және сұйық отын қорлары, коммуналдық қызметтердің қысқы кезеңге дайындығы жан-жақты талқыланды.

Аудан әкімі Жандос Еркінбек жылыту маусымына дайындық – тұрғындардың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті.

– Жалпы жылу беру маусымы – кезек күттірмейтін аса маңызды мәселе. Сондықтан бұл салаға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Қыс мезгілінде халық ешқандай қиындық көрмеуі тиіс. Бірінші кезекте тұрғындарды қатты отынмен толық қамтамасыз етуіміз керек. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы отбасылардың жағдайын назардан тыс қалдырмау қажет, – деді аудан басшысы.

Мәжілісте өткен жылыту маусымының тұрақты жағдайда өткені айтылып, коммуналдық сала мамандарының атқарған жұмыстары сараланды. Сонымен қатар алдағы қыс маусымына дайындық жұмыстарын ерте бастау қажеттігіне ерекше мән берілді.

Осыған байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, барлық әлеуметтік нысандардағы бу қазандықтары мен жылу жүйелеріне техникалық зерделеу жүргізу, анықталған ақауларды дер кезінде жөндеу, инженерлік желілерді жаңғырту және қажетті материалдық қорды алдын ала дайындау міндеттелді.

Сонымен қатар аудан әкімі коммуналдық инфрақұрылым нысандарындағы жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

– Әлеуметтік нысандардың барлығы белгіленген мерзімде толық дайын болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарды созбалаңға салуға болмайды. Әр мекеме нақты жоспармен жұмыс істеуі қажет, – деді Жандос Еркінбек.

Жиында сондай-ақ тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен талқыланды. Қыс мезгілінде қатты отын бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, көмір жеткізу мәселесін алдын ала ұйымдастыру және қажетті қор қалыптастыру бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.

Бұдан бөлек, мәжілісте ауданның салық базасын ұлғайту және бюджет кірістерін арттыру мәселелері қаралды. Аудан басшысы бүгінгі таңда жергілікті бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін салық түсімдерінің толық әрі сапалы орындалуы маңызды екенін атап өтті.

– Ауданда тиімді салық саясатын жүргізу – басты міндеттердің бірі. Бюджетке түсетін түсімдердің уақытылы әрі толық орындалуы барлық саланың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сондықтан қосымша резервтерді анықтап, салық базасын ұлғайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажет, – деді аудан әкімі.

Жиында көлеңкелі кәсіпкерліктің алдын алу, тіркелмеген кәсіпкерлік субъектілерін заңдастыру, мүлік және жер салықтарының уақытылы төленуін қамтамасыз ету мәселелері де қозғалды.

Сонымен қатар мәжілісте жолаушылар тасымалы саласындағы қауіпсіздік мәселелері қаралды. Әсіресе Жосалы кентінен Қызылорда қаласы мен Төретам кенті бағытында жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөліктердің қызметі назарға алынды.

Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстар заң талаптарына толық сәйкес болуы керектігін ескертті.

– Жолаушылардың қауіпсіздігі – басты назарда болуы тиіс. Тасымалдаушылардың жұмысы заң талаптарына сәйкес жүргізілуі қажет. Автокөліктердің техникалық жағдайы, жүргізушілердің жауапкершілігі және қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң бақылауда болуы тиіс, – деді Жандос Еркінбек.

Осыған байланысты аудандық полиция бөліміне, көлік инспекциясына және жауапты бөлімдерге рейдтік жұмыстарды күшейтіп, заңсыз тасымалмен айналысатын көліктерге қатысты тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Мәжіліс барысында аудан көлеміндегі санитарлық тазалық, абаттандыру, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және халықпен кері байланысты күшейту мәселелері де сөз болды. Аудан басшысы кент және ауылдық округ әкімдеріне елді мекендердегі тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық жауапты сала басшылары мен мекеме жетекшілеріне күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын ескертті.

Сондай-ақ әрбір тапсырманың мерзімінде әрі сапалы орындалуы аудан әкімдігі тарапынан жіті қадағаланатыны айтылды. Аудан басшысы жауапты тұлғаларға жұмысты үйлесімді ұйымдастырып, тұрғындар тарапынан көтерілетін мәселелерге жедел әрекет ету қажеттігін жеткізді.

Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі