ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ АҚЖАРМА ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ТАБИҒИ ГАЗ ТҰТЫНА БАСТАДЫ

1 507

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ АҚЖАРМА ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ТАБИҒИ ГАЗ ТҰТЫНА БАСТАДЫ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Сырдария ауданына жұмыс сапары аясында Ақжарма ауылына табиғи газ беру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, жергілікті тұрғындар, мердігер мекеме басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты.

Ақжарма ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету – өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, тұрмыстық қолайлылықты жақсартуға және экологиялық ахуалды оңалтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар табиғи газдың қолжетімді болуы тұрғындардың шығынын азайтып, қысқы жылыту маусымында қауіпсіз әрі тиімді отын пайдалануға жол ашады.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышты оқиғамен құттықтап, өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы ауылдарға инфрақұрылым жеткізуге ерекше көңіл бөлуде.

Бүгін Сіздер көптен күткен, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігіне жаңа тыныс беретін табиғи газ қосуға жиналдық. Бұл жобаға бюджеттен 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Өткен жылы Нағи Ілиясов, Шаған ауылдарына газ қосылып, ел игілігін көруде. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Егемен еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», – деді аймақ басшысы.

Өңір басшысы өз сөзінде инженерлік инфрақұрылымды дамыту тұрғындардың өмір сапасын арттырудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Соңғы жылдары облыста халықты таза ауыз сумен, электр энергиясымен, сапалы жолмен және табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Шара барысында тыл ардагері Өмірбек Сағындықов сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдірді. Ардагер мемлекет тарапынан ауылдардың дамуына жасалып жатқан қамқорлықтың маңыздылығына тоқталып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобалардың берері мол екенін айтты.

Салтанатты жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және газдандыру жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындаған мердігер мекемелердің қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат олардың жауапкершілігі мен кәсіби еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.

Рәсім аяқталғаннан кейін облыс әкімі Ақжарма ауылындағы бірнеше отбасының үйіне барып, табиғи газдың қосылу барысымен танысты. Тұрғындармен әңгімелесу барысында олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жаңа игіліктің ауыл өміріне беретін мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Сонымен қатар үй иелеріне естелік сыйлықтар табыстап, жаңа қонысқа құт-береке тіледі.

Айта кету керек, Қызылорда облысында соңғы жылдары халықты табиғи газбен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. 2022 жылдан бері өңірде жалпы құны 65 миллиард теңгеден асатын 77 газдандыру жобасы іске асырылды. Соның нәтижесінде облыс халқын газдандыру деңгейі 83 пайызға жетті.

Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 10 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланған. Осы жобалар толық аяқталғаннан кейін облыс бойынша табиғи газбен қамту деңгейі 85 пайызға дейін өседі деп күтілуде.

Газдандыру бағытындағы жұмыстар Сырдария ауданында да жалғасады. Жақын күндері ауданға қарасты Шіркейлі, Қоғалыкөл және Бесарық ауылдарын табиғи газ желісіне қосу жұмыстары басталады. Бұл жобалардың іске асуы аталған елді мекен тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына жаңа серпін береді.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ақжарма, Шаған, Іңкәрдария, Нағи Ілиясов және Шіркейлі ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ашық форматта өткен кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, инженерлік желілердің жай-күйі, ауылдық елді мекендерді дамыту бағытындағы жоспарлар туралы айтылды.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ауылішілік жолдардың жағдайы, әлеуметтік нысандардың жұмысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері талқыланды. Облыс әкімі көтерілген барлық ұсыныстар назарға алынатынын айтып, жауапты сала басшыларына заңнама аясында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге барлық құрылыс және инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың сұранысына сай әрі белгіленген талаптарға сәйкес орындалуы тиіс екенін жеткізді.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Газдандыру, жол салу, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңғырту және ауылдық аумақтарды дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бұл жұмыстар өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беруде.

Ақжарма ауылына табиғи газдың берілуі – тұрғындардың көптен күткен маңызды оқиғаларының бірі. Бұл жоба ауылдың әрі қарай дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыруға және өңірдің инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға өз үлесін қосады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі