Қызылордада заманауи медициналық орталық бой көтеруде

1 532

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір орталығында салынып жатқан жаңа 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылыс барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жоба өңірдің медициналық инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындарға сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді мақсат етеді.

Құрылыс барысы мен жоба сипаттамасы

Бас мердігер – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Нысанның жалпы құны 36 млрд 416 млн теңгені құрайды. Құрылыс аумағы 47,9 мың шаршы метрді қамтиды. Аурухана кешені 10 негізгі блоктан тұрады. Олардың қатарында емхана, пансионат, конференц-зал, тамақтану, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химио және радиотерапия, сондай-ақ операция бөлімдері бар.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіЗаманауи талаптарға сай жобаланған нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Емхана бөлімі бір ауысымда 100 келушіге дейін қызмет көрсететін болады.

Аймақ басшысының пікірі

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс нысанында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.

«Бұл – өңірдің денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама. Алдағы уақытта Мемлекет басшымыздың және Үкіметтің қолдауымен Қызылордада бірнеше медициналық нысан салынады. Осы аурухананың іске қосылуын халық асыға күтуде. Жаңа көпбейінді медициналық орталық аймақ тұрғындарының денсаулығын қорғау ісіне тың серпін береді. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болады. Басты мақсат – халық игілігі үшін заманауи әрі қолжетімді емдеу орталығын уақытылы іске қосу», – деді облыс әкімі.

Денсаулық сақтау саласындағы өзге жобалар

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіПрезидент тапсырмасына сәйкес еліміздің 12 облысында заманауи перинаталдық орталықтар салу көзделген. Бұл бағытта Қызылорда қаласында 200 төсектік халықаралық стандарттарға сай перинаталдық орталық бой көтермек. Орталықта жаңа медициналық технологиялар енгізіліп, ана мен бала денсаулығын қорғау қызметі жаңа деңгейге көтеріледі.

Жобаға 2,7 гектар жер учаскесі бөлінген. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы республикалық бюджет есебінен басталады. Жалпы құны – 48,8 млрд теңге.

Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауында 500 келушіге арналған жаңа емхана салу жобасы да дайындалуда. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 148 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Қорытындысы 15 қарашаға дейін алынбақ. Нысанның жалпы құны шамамен 14 млрд теңгені құрайды, ал құрылыс жұмыстары келесі жылы басталуы жоспарланып отыр.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан бұл ірі жобалар өңірдің медициналық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Заманауи жабдықталған жаңа ауруханалар мен емханалар Сыр елі халқының денсаулығын қорғау ісінде маңызды рөл атқаратын болады.