АҒЗАЛЫҚ ДОНОРЛЫҚТЫ ҚОЛДАУ БОЙЫНША БАСҚОСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

2 508

Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы мамандарының қатысуымен «Трансплантациялық үйлестіру және донорлық процесті ұйымдастыру» тақырыбында облыстық семинар-тренинг өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ағза донорлығы мен трансплантация саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, медициналық ұйымдар арасындағы трансплантациялық үйлестіру жұмыстарын жетілдіру, медицина қызметкерлерінің кәсіби білімін арттыру, сондай-ақ тұрғындар арасында ағза донорлығының маңыздылығын кеңінен насихаттап, қоғамда қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын қалыптастыру болды. Семинар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Сарманова Динара Сардарбекқызының төрағалығымен өтті. Жиынға облыстық қоғамдық кеңесінің мүшелері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша бас имамының орынбасары Жақсыбек Әбенов, республикалық трансплантация саласының жетекші мамандары, сондай-ақ облыстағы емдеу-профилактикалық ұйымдар бас дәрігерлерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарлары, трансплантациялық үйлестірушілер, кардиологтар, невропатологтар, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар және басқа да бейінді мамандар қатысты.

Жиын барысында қатысушылар елімізде ағза трансплантациясы жүйесін дамыту, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты ұйымдастыру, медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру, трансплантациялық үйлестірудің тиімділігін арттыру және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелерін жан-жақты талқылады. Семинар барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Назгүл Жылгелдина «Қазақстандағы ағза донорлығы мен трансплантациясы. Ағза донорлығы мен трансплантациясының заңнамалық аспектілері және халықаралық реттеу нормалары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Спикер өз сөзінде еліміздегі ағза трансплантациясының қазіргі ахуалына тоқталып, донорлықты ұйымдастырудың құқықтық негіздері, азаматтардың ерікті келісімі, медициналық ұйымдардың жауапкершілігі және халықаралық тәжірибеде қолданылатын құқықтық тетіктер туралы кеңінен айтып өтті. Сонымен қатар донорлықты дамытудағы басты бағыттардың бірі – халықтың ақпараттық сауаттылығын арттыру және қоғамда ағза донорлығына деген оң көзқарасты қалыптастыру екендігі ерекше атап өтілді. Баяндамада Қазақстан Республикасында ағза трансплантациясын жүргізудің заңнамалық талаптары, донорлық қызметті ұйымдастыру тәртібі, медициналық ұйымдардың міндеттері, трансплантациялық үйлестірушілердің рөлі және пациенттердің құқықтарын қорғау мәселелері де қамтылды. Сондай-ақ әлемнің дамыған мемлекеттеріндегі трансплантация саласының тәжірибесі мен тиімді модельдері таныстырылып, оларды отандық денсаулық сақтау жүйесінде қолданудың мүмкіндіктері сөз болды. Семинар аясында республикалық трансплантациялық координатор Лейла Исмагамбетова «Ағзаларды трансплантациялау кезіндегі зертханалық және клиникалық сүйемелдеу. Донор мен реципиентті жеке іріктеу» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында донор мен реципиенттің иммунологиялық сәйкестігін анықтау, зертханалық диагностика жүргізудің ерекшеліктері, трансплантация алдындағы кешенді тексерулер, ағзалардың өміршеңдігін бағалау және операциядан кейінгі медициналық бақылау мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар клиникалық сүйемелдеудің халықаралық стандарттары, трансплантацияның нәтижелілігін арттыруға бағытталған заманауи әдістер мен медициналық технологиялар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мамандар трансплантация саласындағы соңғы ғылыми жетістіктерге тоқталып, донорлық процесті ұйымдастырудың барлық кезеңінде нақты алгоритмдерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе әлеуетті донорды анықтау, ми өлімін уақытылы диагностикалау, туыстарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, медициналық құжаттаманы талапқа сай рәсімдеу және трансплантациялық үйлестірушілердің кәсіби даярлығы ерекше назарға алынды. Семинар барысында қатысушылар ағза донорлығы жөніндегі қоғамдық пікірді қалыптастыру мәселелеріне де кеңінен тоқталды. Мамандардың айтуынша, ағза донорлығы – адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін ізгі әрі жауапты шешім. Сондықтан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, донорлықтың құқықтық және медициналық негіздерін кеңінен насихаттау, жалған ақпараттардың алдын алу бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

Жиынға қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша бас имамының орынбасары Жақсыбек Әбенов ислам дінінде адам өмірінің құндылығы ерекше орын алатынын айтып, шариғат талаптарына сәйкес ағза трансплантациясына қатысты қалыптасқан діни ұстанымдар жөнінде пікір білдірді. Ол мұндай кездесулер қоғамда дұрыс түсінік қалыптастыруға және азаматтардың көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Семинар барысында облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мен медицина қызметкерлері донорлық мәдениетті қалыптастыру, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, жастардың қатысуымен ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру және медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру бағытында өз ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибе алмасып, трансплантация саласын одан әрі дамытуға қатысты пікірлерімен бөлісті. Мамандар мұндай семинарлар медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, трансплантациялық қызметтің сапасын жетілдіруге, ағза донорлығы туралы қоғамның хабардарлығын күшейтуге және ең бастысы – өмірге мұқтаж жандарға дер кезінде медициналық көмек көрсетуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Семинар қорытындысында республикалық орталық мамандары өңірлік денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдіріп, ағза донорлығын дамыту – тек медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті.