Қызылорда облысында «Үлгілі елді мекен» конкурсы және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар жалғасуда

2 307

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың төрағалығымен «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының өткізілу барысы мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға арналған жұмыс жиыны өтті. Оған қала, аудан әкімдері, салалық басқарма басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

«Үлгілі елді мекен» – ауылдық жерлердің дамуына серпін беретін жоба

Аймақ басшысының қолдауымен елді мекендерде қолайлы орта қалыптастыру, санитарлық тазалықты күшейту және жергілікті қауымдастықтардың ынтасын арттыру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде «Үлгілі елді мекен» конкурсы ұйымдастырылып келеді.

Соңғы екі жылда аталған конкурс аясында облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы бөлініп, жеңімпаз елді мекендерге 48 арнайы коммуналдық техника берілді. Биыл бұл үрдіс жалғасын тауып, 564 млн теңге көлеміндегі қаржыға 19 техника табыстау жоспарланып отыр.

Жеңімпаздарды анықтау мақсатында құрамына қоғам өкілдері, сарапшылар мен сала мамандары енген тәуелсіз облыстық сарапшылық комиссия жұмысын бастап кетті. Комиссия биылғы конкурсқа қатысатын елді мекендердің құжаттарын қарап, елді мекендерді аралау кестесін бекітті. Биыл конкурсқа 39 елді мекен (оның ішінде 1 қала, 7 кент және 31 ауыл) қатысып отыр. Сарапшылар елді мекендерге арнайы барып, абаттандыру, көгалдандыру, тазалық пен қоғамдық белсенділік көрсеткіштерін жан-жақты саралайды. Қорытындысында үздік деп танылған ауылдық округтерге заманауи коммуналдық техника табысталмақ.

Конкурс үш негізгі номинация бойынша өтеді:

  • «Үлгілі аудан»
  • «Үлгілі ауыл»
  • «Үлгілі елді мекен»

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде байқаудың әділ және ашық өтуі тиіс екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарға жауапкершілікпен қарау қажеттігін қатаң ескертті.

«Таза Қазақстан»: Қоғамдық жұмылдыру – тазалық кепілі

Жиын барысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде өңірде атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Жыл басынан бері барлық аудан мен елді мекендерде санитарлық тазарту, көркейту-көгалдандыру, қоқыс тазалау және ағаш отырғызу жұмыстары қарқын алған.

Экологиялық шараларға қоғам белсенділері, еріктілер мен еңбек ұжымдары кеңінен атсалысты. Нәтижесінде 231 мыңнан астам адам қатысып, 10 023 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып шығарылды. 

Өңір климатына бейімделген 240 700 түп жасыл желек – қарағаш, терек және сыр талының көшеті отырғызылды.

Бұл шаралар қоршаған ортаны қорғауға бағытталып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да зор ықпал етуде.

Тазалық — тіршіліктің өзегі

Жиын соңында аймақ басшысы елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы тек маусымдық шара емес, жыл бойы тұрақты жүргізілетін жұмыс екенін атап өтіп, аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар, әрбір тұрғынды туған жерін көркейтуге үлес қосуға шақырды.