Қызылордада «Алтын күз – 2025» ұлттық ат бәйгесі өтті
Қызылорда қаласындағы ипподромда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен елорда мерейіне арналған айтулы шара – «Алтын күз – 2025» ұлттық ат бәйгесі өтті. Бұл дүбірлі дода Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуы мен Қала күні мерекесі аясында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Салтанатты шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, өңірдің ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ атбегілер мен жанкүйерлер қатысты. Ұлттық дәстүр мен рухты ұлықтаған бәйге жарысы Сыр елінің ат спортына деген ерекше ықыласын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жарысқа еліміздің түрлі аймақтарынан келген 70-ке жуық шабандоз қатысып, атбегілер мен жүйріктер өз бақтарын сынады. Қатысушылар бірнеше қашықтық бойынша сынға түсті.
Атап айтсақ, 5 шақырымдық тай жарыста І орынды Жамбыл облысынан Нұрислам Амангелді, ІІ орынды Шиелі ауданынан Төрехан Бейбарыс, ІІІ орынды Жамбыл облысынан Әбіқадыр Санжар жеңіп алды.
11 шақырымдық құнан бәйгеде І орынды Сырдария ауданынан Абдулашим Рамазан, ІІ орынды Шиелі ауданынан Рамазан Нұрлыбекұлы, ІІІ орынды Жалағаш ауданынан Рауан Нартайұлы иеленді.
15 шақырымдық тоқ бәйгеде І орын Жамбыл облысынан келген Нұрасыл Танатқа, ІІ орын Алматы облысынан келген Болат Әбдікәрімге, ІІІ орын жаңақорғандық Төрехан Сұлтанға бұйырды.
25 шақырымдық аламан бәйгенің І орны Ұлытау облысынан Болат Әбдікәрімге, ІІ орны Жамбыл облысынан Орынбасар Нұрымға, ІІІ орны Жамбыл облысынан Мақсат Нұржігітке табысталды.
Жүлделі орын иелеріне ақшалай сертификаттар берілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз құттықтау сөзінде ұлттық спортты дамыту мен ұрпаққа дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, атбегілер мен шабандоздарға сәттілік тіледі.
Шара соңында қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық ән мен күйден, көркемөнерпаздар концертінен тұратын мерекелік бағдарлама ұсынылды.