ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

1 507

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің көлік-логистика жүйесін жетілдіру, теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселелері жан-жақты қаралды. Мемлекет басшысының көлік дәліздерін дамыту, жүк және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланып, өңірлердегі атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды.

Үкімет отырысына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысып, өңірдегі теміржол саласының қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Отырыста еліміздің теміржол желілерін жаңғырту, вокзалдардың қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, логистикалық әлеуетті күшейту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар сараланды.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өткізіліп, онда күн тәртібінде қаралған мәселелер өңірлік деңгейде жан-жақты талқыланды. Мәжіліске облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдері, жауапты мекеме жетекшілері және салалық ұйым өкілдері қатысты.

Жиында облыс басшысы теміржол вокзалдарын коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстарын заңнама талаптарына сәйкес және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар вокзалдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, қызмет көрсету сапасын жақсарту, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

– Теміржол вокзалдарының сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы да жаңа деңгейге көтерілуі тиіс. Бұл нысандар өңірдің бет-бейнесін айқындайтын маңызды орындардың бірі болып табылады. Сондықтан қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, вокзалдардың аумағын абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау қажет. Әрбір жолаушы теміржол вокзалына келген сәттен бастап сапалы қызмет пен жайлы ортаны сезінуі тиіс, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Теміржол саласы Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекше орын алады. Өңір арқылы өтетін халықаралық және республикалық маңызы бар теміржол желілері жүк және жолаушылар тасымалының негізгі артерияларының бірі саналады. Бүгінде облыс аумағы арқылы жалпы ұзындығы 1051 шақырым теміржол желісі өтеді. Бұл көрсеткіш аймақтың көлік-логистикалық әлеуетінің жоғары екенін және оның ел экономикасындағы стратегиялық маңызын айқындайды.

Қазіргі уақытта өңірдегі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 83,4 шақырым теміржол желісінде күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Бүгінгі күнге дейін оның 50,4 шақырымы толық жөндеуден өткізілген. Қалған 33 шақырым учаскедегі жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.

Жөндеу жұмыстары барысында ескірген рельстер мен шпалдар жаңартылып, жол табанын күшейту, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және пойыздардың жүру жылдамдығын жоғарылату бағытындағы кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде жолаушылар тасымалының сапасын арттырып қана қоймай, жүк тасымалының тиімділігін де жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Сексеуіл станциясында маңызды инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Мұнда ұзындығы 18,7 шақырым жаңа теміржол салынуда. Сонымен қатар 77 жиынтық бағыттамалы бұрма орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба теміржол қозғалысының өткізу қабілетін арттырып, станцияның өндірістік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Қызылорда облысы тұрғындары үшін жолаушылар тасымалының қолжетімділігі де маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда облыс аумағы арқылы 15 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Ал облыс орталығынан елдің ірі қалаларына тұрақты теміржол қатынасы ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Қызылорда қаласынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 6 жұп жолаушылар пойызы қатынап, тұрғындардың еркін қатынауына жағдай жасалуда.

Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында вокзалдарды жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сәйкес жаңартылды. Вокзал ғимаратының ішкі және сыртқы келбеті толық жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастырылды. Сонымен қатар іргелес аумақ абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде өңірдегі тағы жеті теміржол вокзалында ауқымды жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі және Сексеуіл вокзалдарында күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Тереңөзек пен Жалағаш елді мекендеріндегі қызмет көрсету пункттері жаңартылып, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің жолаушылар платформасы қайта жаңғыртылуда.

Қазіргі таңда Қазалы, Шиелі және Жаңақорған вокзалдарындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Сондай-ақ Талап бекетіндегі жұмыстар да мәресіне жеткен. Бұл нысандар пайдалануға берілгеннен кейін жолаушыларға қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарып, өңір тұрғындарының сапалы көлік инфрақұрылымына қолжетімділігі арта түседі.

Мәжілісте облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де талқыланды. Жауапты басқарма басшыларына өндірістің жаңа бағыттарын дамыту және іске қосу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу міндеттелді. Облыс әкімі өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу, жұмыс орындарын құру және өнеркәсіп көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.

– Біз өңірдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануымыз қажет. Әрбір сала бойынша нақты жобалар ұсынылып, олардың іске асырылу тетіктері айқындалуы тиіс. Өндірістің жаңа бағыттарын дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып, өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Жиында сондай-ақ негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын сақтау мәселесі көтерілді. Аудан және қала әкімдеріне инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлікті қолдау және халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күзгі залалсыздандыру жұмыстарын ұйымдастыру болды. Мамандар өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндап, алдағы кезеңде атқарылатын іс-шаралар жоспарын таныстырды.

Облыс әкімі кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын ветеринариялық және санитариялық талаптарға сәйкес ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жауапты мекемелерге залалсыздандыру жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алу тапсырылды.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы адамдар үшін аса қауіпті жұқпалы аурулардың қатарына жатады. Сондықтан аурудың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Бұл ретте елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрғындарды сақтық шаралары туралы ақпараттандыру және алғашқы белгілер байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттігін түсіндіру маңызды.

Облыс әкімі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары арқылы тұрақты жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар ветеринариялық қызметтер мен жергілікті атқарушы органдардың өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Жалпы алғанда, Үкімет отырысында және одан кейін өткен облыстық мәжілісте қаралған мәселелер Қызылорда облысының көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттерді қамтыды.

Алдағы кезеңде теміржол саласындағы ауқымды жобаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру, вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын аяқтау, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ жаңа өндірістерді іске қосу және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономиканың тұрақты дамуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына оң әсерін тигізеді. Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мен өндірістік әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстар өңірдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі болып қала береді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі