Грузиялық жартылай қорғаушы Гиорги Зария «Қайрат» сапынан кетеді
Алматылық «Қайрат» футбол клубының жартылай қорғаушысы Гиорги Зария 2025 жылғы маусым аяқталғаннан кейін командадан кететінін ресми түрде мәлімдеді. Грузиялық футболшының келісімшарты жыл соңына дейін жарамды, бірақ тараптар оны ұзартпау туралы шешім қабылдаған,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпараттық агенттігі.
Зария былтырғы жылы «Қайрат» сапына қосылып, қысқа мерзім ішінде команда көшбасшыларының біріне айналды. Ол Қазақстан Премьер-лигасының 2024 жылғы маусымында үздік жартылай қорғаушы атағына ие болып, клубтың ел біріншілігі мен 2025 жылғы Суперкубокты жеңіп алуына зор үлес қосқан. Қазіргі таңда Зария «Қайратпен» бірге УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатыр және ішкі біріншілікте чемпиондық атаққа таласуда.
Айта кетейік, «Қайрат» 21 қазан күні, яғни бүгін, Чемпиондар лигасында өз алаңында Кипрдің «Пафос» футбол клубын қабылдайды. Бұл екі команда да алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алып отыр, сондықтан матч екі құрама үшін де маңызды болмақ.