ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

2 239

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіХалықаралық қарттар күні қарсаңында Жалағаш аудан әкімі Ардақ Ибраимов облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының атынан аудан ардагерлерін арнайы құттықтап барды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Алдымен еңбек және тыл ардагері, білім беру ісінің үздігі, 40 жылдан астам Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде физика пәні мұғалімі болып қызмет атқарған Гүлбағира Мұқтарқызының шаңырағында болып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Ұстаздық қызметтің жолында еңбек еткен Гүлбағира Мұқтарқызы, жолдасы – Тоқшылық Үйсінбайұлы екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген.

Ардагер ананың ақ батасын алған аудан әкімі Ардақ Ибраимов, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Жайшылық Ағыбайұлының отбасында болып, халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Елеулі еңбек жолында бірнеше салада басшылық қызметтерді атқарған ардагер ағамыз, елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын, күнделікті көгілдір экраннан көріп отыратынын айтты. Ел президентінің, үкімет басшысының, облыс әкімінің ауқымды бастамаларына сәттілік тілейтінін жеткізді.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың мерекелік құттықтауы Аққұм ауылында жалғасты. 89 жастағы Алпысбай Ақбергенұлы 1935 жылы Аққұм ауылында дүниеге келген.

1965 жылдан бастап осы совхозда механик , гараж меңгерушісі болып 36 жыл жұмыс атқарған еңбек ардагері аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың әр сөзін зейін салып тыңдап, тындырымды істерге сәттілік тілеп батасын берді.

Сондай-ақ, аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиевпен бірлесе отырып, аудандағы атқарылатын оң бастамаларда  ардагерлердің кеңесін ескеру маңызды екенін айтты.

Қарттарымыз ел ұйытқысы, өнегенің озық үлгісі бола білді. 

Шара барысында аудан әкімі ардагерлерге құттықтау сөзін арнап, олардың қоғамдағы орны мен еңбек жолының маңыздылығын атап өтті.


Әкім өз сөзінде: "Қарттар – біздің алтын қазынамыз, елдің дамуына зор үлес қосқан азаматтарымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз біз үшін өте құнды. Қазіргі ұрпақ Сіздер салған сара жолмен жүріп, елімізді одан әрі көркейту үшін еңбек етуде. Сіздерді осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін", – деді.


Шарада ардагерлерге сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталып, жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды. Жиналған қарттар мерекелік көңіл-күймен үйге тарқасты, ал әкім оларға жылы лебіздерін жеткізіп, әрдайым қолдау көрсетілетінін баса айтты.


Бұл мерекелік шара ардагерлердің еңбегін құрметтеп, олардың ел алдындағы қызметін ұмытпайтындығын көрсететін ерекше күн болды. Ардагерлер де өз кезегінде аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.


Бұл шара жыл сайын өткізілетін дәстүрлі іс-шаралардың бірі болып табылады және ауданның қарт тұрғындарының қоғамда өзіндік орны мен беделін одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.