Қызылордада «Creative Caravan» креатив көрмесі өтті

1 527

Фото: Amanat Қызылорда облысыҚызылордада «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен «Creative Caravan» атты облыстық креатив көрмесі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Іс-шараға партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, әйелдер қанатының өкілдері және облыстық филиал жанындағы Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңестің кеңесшісі Алтынай Молжанова қатысты.

Қолөнер мен кәсіпкерлікті дамытуға серпін

Көрме қазан айының басынан бері жүзеге асып келеді. Жалағаш ауданынан бастау алған көшпелі керуен Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында ұйымдастырылып, жалпы 100-ге жуық кәсіпкер пайдалы дәрістер мен шеберлік сабақтарына қамтылды.

Жоба партияның “Ұлттық мұра” жобасымен ұштасып, ауылдық жерлердегі қолөнер шеберлерін қолдау, оқыту және шабыттандыруды көздейді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге заманауи маркетинг пен әлеуметтік желі арқылы жеке бренд қалыптастыру, өз өнімін тиімді жарнамалау тәсілдері бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілді.

Көрме мақсаты – шабыт пен ынтымақтастық алаңы

Креатив көрме «Анаға тағзым» орталығында жалғасын тауып, қала кәсіпкерлері мен жеті ауданның қолөнер шеберлерін бір алаңда тоғыстырды.

Мұнда шеберлер өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып, тәжірибе алмасуға, өнімдерін жарнамалауға және бір-бірінен жаңа идеялар алуға мүмкіндік алды.

«Creative Caravan» жобасы – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы маңызды бастама. Мұндай алаңдар арқылы ауылдық жерлердегі ісмерлер өз еңбегін танытып қана қоймай, заманауи нарық талаптарына бейімделеді», – деді облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.

Шығармашылық еңбектің қадірі

Көрме барысында ерекше туынды иелеріне құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. Іс-шарада ұсынылған бұйымдар қатарында ұлттық нақыштағы киімдер, зергерлік әшекейлер, экологиялық тұрғыда таза тұрмысқа қажетті бұйымдар мен дәстүрлі кесте өнерінің үлгілері болды.

«Creative Caravan» креатив көрмесі – Сыр еліндегі әйел кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерін қолдауға, олардың әлеуетін арттыруға бағытталған тың жоба. Бұл бастама өңірдегі шағын және орта бизнес пен ұлттық мәдениетті ұштастырып, қазақ қолөнерін заманауи деңгейде насихаттауға жол ашып отыр.