АРДАҚ ЗЕБЕШЕВТІ ӘРІПТЕСТЕРІ ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ҚҰРМЕТПЕН ШЫҒАРЫП САЛДЫ
АРДАҚ ЗЕБЕШЕВТІ ӘРІПТЕСТЕРІ ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ҚҰРМЕТПЕН ШЫҒАРЫП САЛДЫ
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев төрағалық еткен кадрлық өзгерістерге байланысты кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, осы уақытқа дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ардақ Темірханұлы Зебешев жаңа жауапты қызметке тағайындалуына байланысты салтанатты түрде құрмет көрсетіліп, әріптестері ізгі тілектерін білдірді.
Мәжіліс барысында облыс басшысы Ардақ Темірханұлының мемлекеттік қызметтегі кәсіби біліктілігін, басқарушылық қабілетін және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру жолындағы еңбегін ерекше атап өтті. Аймақ басшысы оның қызмет еткен кезеңінде облыстың инвестициялық әлеуетін көтеруге бағытталған маңызды жобалардың жүзеге асқанын, кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілгенін және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.
Өз сөзінде Мұрат Нәлқожаұлы Ардақ Зебешевтің 2024 жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімінің орынбасары ретінде инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, өнеркәсіп және халықаралық әріптестік бағыттарына жетекшілік еткенін атап өтті. Оның үйлестіруімен Мемлекет басшысының инвестициялық саясатты жетілдіру және өңірлердің
экономикалық әлеуетін күшейту жөніндегі тапсырмалары нақты іске асырылып, өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін ауқымды жұмыстар атқарылды.
Ардақ Темірханұлының тікелей үйлестіруімен облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытында бірқатар кешенді шаралар қолға алынды. Соның нәтижесінде соңғы кезеңде өңірге 1,4 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, жалпы құны 339 миллиард теңгеден асатын 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына және кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне мүмкіндік берді.
Инвестициялық жобалардың іске асуы нәтижесінде жаңа өндіріс орындары пайдалануға беріліп, облыс экономикасының әртүрлі салаларында оң өзгерістер орын алды. Сонымен бірге халықаралық серіктестермен байланыс нығайып, шетелдік инвесторлардың өңірге деген қызығушылығы артты. Бұл жұмыстар Қызылорда облысының инвестициялық рейтингтердегі көрсеткіштерін жақсартып, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін берді.
Ардақ Зебешевтің басшылығымен өңір үшін стратегиялық маңызы зор Қорқыт Ата арнайы экономикалық аймағын құру бағытындағы жұмыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Арнайы экономикалық аймақты қалыптастыру арқылы өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу және инвесторларға қолайлы жағдай жасау көзделді. Бұл бастама алдағы уақытта облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Оның жетекшілігімен шетелдік инвесторлармен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, халықаралық компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатылды. Соның ішінде Roca Group компаниясының санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын заманауи зауыт салу жобасы бастау алды. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Harvest Group компаниясының қатысуымен өңірде агроиндустриялық кластер құру жобасы қолға алынды. Аталған жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеудің тиімділігін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Қытай Халық Республикасы компанияларымен ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына заманауи технологияларды енгізуге бағытталған тоғыз келісімшартқа қол қойылды. Бұл келісімдер өңірдің өндірістік және аграрлық секторын жаңғыртуға, инновациялық технологияларды кеңінен пайдалануға жол ашты.
Осы кезеңде энергия үнемдейтін шыны өндіретін кәсіпорын, заманауи кірпіш зауыты, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын өндірістік кешендер іске қосылды. Мұндай өндіріс орындары жергілікті шикізатты тиімді
пайдалануға, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етуде. Сонымен бірге бұл жобалар өңір экономикасының әртараптануына және өнеркәсіп саласының қарқынды дамуына негіз болды.
Ардақ Темірханұлы экономикалық бағыттағы жұмыстармен қатар, өңірдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын дамытуға да белсенді атсалысты. Оның қолдауымен Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін халықаралық деңгейде таныту мақсатында Финляндия, Эстония, Испания, Швейцария және Франция мемлекеттерінде өткен өнер күндерін ұйымдастыруға үлес қосты. Бұл мәдени шаралар Қазақстанның рухани құндылықтарын халықаралық деңгейде насихаттап, шетелдік әріптестермен достық және мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.
Мәжіліс барысында қатысушылар Ардақ Темірханұлының мемлекеттік қызметтегі жауапкершілігін, кәсіби тәжірибесін және іскерлік қасиеттерін ерекше атап өтіп, жаңа қызметінде де табысты еңбек ететініне сенім білдірді. Әріптестері оның өңірдің дамуына қосқан еңбегіне жоғары баға беріп, алдағы қызмет жолына сәттілік тіледі.
Салтанатты шарада Ардақ Зебешевке мемлекет пен өңір дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар марапаттар табысталды. Атап айтқанда, Нұрлыбек Машбекұлы атынан Алғыс хат берілді. Сонымен қатар Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталып, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді.
Жиын барысында тағы бір маңызды кадрлық өзгеріс таныстырылды. Ұзақ жылдар прокуратура саласында қызмет атқарған, Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары болған Исламбек Төлегенов құрметті зейнет демалысына шығуына байланысты әріптестерінің ыстық ықыласына бөленді. Оның құқық қорғау саласындағы көпжылдық еңбегі мен кәсіби қызметіне жоғары баға берілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы басшысының бұйрығына сәйкес облыс прокурорының бірінші орынбасары лауазымына Нұрболат Серікұлы Дүйсенбаев тағайындалғаны жарияланып, жаңа қызметкер ұжымға таныстырылды. Облыс басшылығы оған жауапты қызметінде табыс тілеп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы жұмысына сәттілік білдірді.
Жалпы, бүгінгі мәжіліс мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сабақтастық пен кәсібиліктің жарқын көрінісі болды. Өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, жаңа қызметтерге тағайындалған мамандарға үлкен сенім артылды. Ардақ Темірханұлы Зебешевтің жаңа лауазымдағы қызметі еліміздің инвестициялық саясатын дамытуға және халықаралық экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталатыны сөзсіз. Оның жинаған тәжірибесі мен кәсіби білімі мемлекет мүддесіне қызмет етіп, ел экономикасының өркендеуіне өз үлесін қоса береді деген сенім мол.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







